Алматыда мектеп директоры мұқтаж жанға өз күртешесін шешіп бере салған

0

Алматылық мектеп директоры тұрмысы төмен отбасының жағдайын көріп, қыстың күні қырауда үстіндегі күртешесін сол үйдің баласына кигізіп кеткен.

Алматы қаласы Медеу ауданындағы 53 мектепті басқарған Өмірбек Айтуғанды әріптестері мен оқушылардың ата-аналары әрдайым аузынан тастамайды.

«Өмірбек Айтуғанұлы — қарапайым ұлтжанды азамат. Алдына барған мұқтаж жандарға көмегін аямайды. Бірде тұрмысы төмен отбасының жағдайын көріп, қыстың көзі қырауда үстіндегі курткасын шешіп, сол үйдің баласының үстіне кигізіп кеткен. Мектебіміздің тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушыларына да қамқорлығы жетерлік. Еліміздің керемет жігіттерінің бірі», — деп еске алады мектептің белсенді ата-аналарының бірі Аида Букаева.

Өзінің әрдайым қайырымдылық жасап, көмек қолын созып тұратынын құпия ұстағысы келсе де мектеп директоры тілшіге жоғарыдағы жағдайдың болғанын растады.

«Қайырымдылық жасағанымды жария еткім келмейді, құпия қалсын деп едім. Барлығымыз адамбыз ғой. Бәрімізде адамгершілік болу керек. Мұқтаж отбасын көргенде әркім өз мүмкіндігінің шеңберінде көмек көрсете алғаны жақсы. Сонда қоғам дамиды. Қоғам адамдардан тұрады емес пе? Қайырымдылық жасасақ ештеңеден ұтылмаймыз», — дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін төрт жыл бойы вагонда тұрып келген мектеп мұғалімі баспаналы болғанын хабарлаған едік. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қособа ауылының тұрғындары балаларына арнап мектеп салып бергенін жазған болатынбыз.

kaz.nur.kz