Алматыда «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы есігін ашты
Бірегей орталық 3-15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни түйсіну қабілеті мен сезімталдығы, сондай-ақ қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған. Айрықша көңіл бөлуді қажет ететін жеткіншектер мұнда невропотолог, психолог, логопед, педиатр, дефектолог мамандардың жіті бақылауында болады. Бір ерекшелігі, әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жоспары әзірленіп, оларға сол бағдарлама бойынша көмек көрсетіледі. Оған қоса психологиялық-педагогикалық көмек, массаж бен физиотерапия кабинеті, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері де қамтылған.
– Қазақстандағы жалғыз сенсорлық кешен осында орналасқан. Балалардың көру, есту қабілетін дамытатын монтессори әдістемелік кабинеті мен сенсорлық бөлме заман талабына сай соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мамандар дене қимылдауында ақауы бар балалардың айығып кетуіне қолдан келгенше көмек жасайды. Тәжірибе көрсеткендей, уақтылы әрі жоспарлы түрде ем қабылданса, педагогтар сапалы жұмыс істесе балалар жақсы нәтижелерге жетеді, – дейді «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының басшысы Людмила Дроздова.
Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрді құрайтын кешен 60 балаға шақталған. Орталық аумағынан тепе-теңдік ұстауды дамытатын, жалпы және ұсақ моториканы, визуалды бейнелерді, әлеуметтік және топтық ойын дағдыларын дамытуға арналған ел аумағындағы жалғыз инклюзивті ойын алаңын да таба аласыз. Нысан жеке инвестордың қаржысына салынған.
Кешеннің ашылу салтанатына келген қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Оның сөзінше, соңғы үш жылда мүгедек жандарды қолдау ісін қаржыландыру көлемі 2,5 есеге ұлғайған. Қаладағы нысандар толықтай паспортталып, оның 67%-ы мүгедек жандарға арналып бейімделген.
Бүгінгі таңда Даун синдромына, аутизмге шалдыққан сәбилер саны азаймай тұр. Шетелдік ғалымдар кез келген синдроммен туылған баланы қалыпты өмірге бейімдеуге болатынын айтады. Туа сала тағдыр тауқыметін тартқан мұндай жеткіншектер ата-ана мен арнайы мамандардың көмегіне мұқтаж. Оларды оңалтуға арналған осындай орталықтар көптеп ашылса деген тілегіміз бар.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ