Алматыда лифт қызметі арзандады

0

Жеделсаты да күнделікті тыныс-тіршілігіміздің бір бөлшегіне айналды. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын қарт кісілерге, бала-шаға үшін, жұмысқа асыққан адамдарға да өте керек. Лифт қызметіне қалтамыздан ай сайын ақша төлейтіндіктен, оның қызметінің де сапалы болғанын қалаймыз.

Коммуналдық қызметтер сапасын жақсарту және оның тиімділігін  арттырып, ашық болуын қамтамасыз ету мақ­сатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде Алматы қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мен тұрғын үйлердегі лифт қызметін ұсынатын сервистік компа­ниялар арасында өзара әріп­тестік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, осы мемо­рандум аясында шаһардағы же­делсатылардың 80%-дан астамын қамтамасыз етіп отырған «Алма­тылифт», «Лифт-қызмет Сервис», «Лифт-комплекс», «Лифтинвест», «KazlіftStade» және «Қазлифт-монтаж» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер осы жылдың желтоқсан айынан бастап тарифті 8,5%-ға төмендету туралы міндеттеме қабылдады. Осы орайда айта кетейік, жауап­ты мамандар қызмет көрсету сапасы ешқандай төмендемейді деп отыр.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 4 мыңнан астам жедел­саты бар. Тұрғын үй басқармасы өкілдерінің айтуынша, қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласын жаңғырту бойын­ша кешенді жұмыстар атқа­рылу­да. Мысалы, осы  мәселе тұрғы­сында айтар болсақ, соңғы  үш жылда тозығы жеткен 512 лифт ауыстырылған.

«Қамшы» сілтейді