Алматыда курьер мопедіне нөмір тағылады

0

Алматы полициясы жылдам жеткізу қызметімен айналысатын ұйым басшыларын курьерді жұмысқа қабылдау тәртібін қатаңдатып, жол ережесін сақтау бойынша профилактикалық шара өткізуге шақырды. Сонымен қатар олардың контейнер/сөмкесіне нөмір тағуға кеңес берді, бұл ереже бұзған қызметкерді тез табуға мүмкіндік береді.

Полиция дерегіне сүйенсек, қала көшелерінде күн сайын 2-2.5 мың электросамокат, мопед және велосипед мінгендер жүйткиді. Бірақ олардың көбі жол ережесін елемейді. Соңғы үш айда 145 адамның атына хаттама толтырылды. Жол ережесіне сай, мопед тізгіндеген тұрғындар веложолақпен, ол болмаса жүргін бөліктің оң жақ шетімен қозғалуы қажет.

Ереже бұзған мопедшілер Әкімшілік кодекстің 615-бабы бойынша жауапқа тартылып, 2 АЕК айыппұл төлейді.

Айта кетерлігі, жол ережесіне сәйкес велосипедпен не мопедпен көлемі 50 см-ден артық шығып тұратын жүк тасуға тыйым салынады. Одан бөлек “Жол жүрісі туралы” заң бойынша қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден, ал жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын техника мопед болып саналады.