Алматыда «күйеуінің қолынан өлген» әйелдің туыстары наразылық танытты

0
159

Алматыда желтоқсанның 26-сы күні «күйеуінің қолынан өлді» делінген әйелдің туыстары мен белсенділер – барлығы 20 шақты адам қалалық полиция департаментіне шағымданып барды. Наразылар Алатау аудандық полиция басқармасы әйелдің өлімін тергеу ісін «дұрыс жүргізбей отырғанын» айтып, департаменттен тергеу ісін өзіне алуды талап етті.

Туысы Назарбек Сәбеннің айтуынша, марқұм Сайрангүл Лайысқызы қарашаның ортасында Алматыда ауыр халде ауруханаға түсіп, бір айдай комада жатқан. 10 желтоқсан күні есін жимаған күйі көз жұмған. Күйеуі Ерғали Қаяуұлы оның «өзіне қол салмақ болғанын» айтып, жедел жәрдем шақырғанын айтқан. Бірақ Сайрангүл ауруханаға түсерде бетінде қанды ісік пен соққы іздері болғанын айтқан туыстары оның «өзіне қол салмақ болғанына» сенбейді. Олар әйел ауруханаға түскенде тергеу басталмағанын, әйел қайтыс болып, оқиға БАҚ-та жария болғаннан кейін ғана іс қозғалғанын айтады.

Ерғали Қаяуұлының адвокаты Тілеужан Кішкенебаев Азаттыққа оның ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүргенін айтты.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің Азаттыққа хабарлауынша, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабымен («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысы енді шығады.

– Жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ. Қазір біз сот сараптамасы шықпай ешқандай процессуалдық іс-әрекет жасай алмаймыз. Егер қылмыс болды деген ұйғарым жасалса, онда күдіктілерді анықтап, кінә таға аламыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген барлық талапты орындап, бұл істі соңына дейін жеткіземіз, – деді Салтанат Әзірбек.

Дереккөз: Азаттық