Алматыда коронавирустың он ошағы анықталды: олар қалай карантинге алынады?
Медицина қызметкерлері инфекция ошағы аймағында тұратын барлық азаматтың жағдайына бақылау жүргізіп отыр
АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясының он ошағы анықталды. Енді инфекция ошағының шекарасы көпқабатты үй мен жеке тұрғын үйдің кіреберісіне дейін қысқартылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
«COVID-19 індеті тіркелген жағдайларға және инфекцияның таралу сипатына қосымша талдау жүргізілгеннен кейін үйлер мен пәтерлерге квартал бойынша карантин енгізу туралы шешім күшін жойды. Енді ошақ аймағының шекарасы көп қабатты үй мен жеке тұрғын үйдің кіреберісіне дейін қысқартылды», — делінген ақпаратта.
Алматы қаласында коронавирус инфекциясының он ошағы анықталды. Ол жерлерге ішкі карантин енгізілді.
«Алматы қалалық штабы COVID-19 ошағы аймағында ішкі карантин енгізді. Қала аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша коронавирустың 10 ошағы анықталды. Алмалы ауданында – 3 ошағы бар, Медеу ауданында – 3, Түрксіб ауданында – 2, Жетісу ауданы мен Алатау ауданында бір ошақтан бар», — делінген ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Алматыдан кеткен тұрғындар екі апта үйде отыруға міндеттелді
Медицина қызметкерлері инфекция ошағы аймағында тұратын барлық азаматтың жағдайына бақылау жүргізіп отыр. Барлық жерде індеттің одан әрі таралуын болдырмас үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар күшейтілген.
Ошақ аймағында орналасқан үйлердің тұрғындары сыртқа тек қажеттілік болған жағдайда ғана жіберіледі және медицина, полиция қызметкері бірге барады.
«Барлық азық-түлік дүкені мен дәріхана күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр. Аудан әкімдігі тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жатыр», — деді әкімдіктегілер.
Оқшаулау кезінде коронавирус ошағы аумағында тұратын тұрғындардың жұмыс орны сақталады.
Сондай-ақ, қала әкімдігі қала тұрғындарынан карантин режимін сақтауды, карантин аймағының ішінде жүруден аулақ болуды, жеке гигиена шараларын сақтауды, туыстарымен, достарымен және әріптестерімен және өзге де қарым-қатынасты шектеуді сұрады.
Сұрақтар бойынша тәулік бойы қызмет көрсететін call орталықтың 1406 нөміріне және Open Almaty-ның1308 нөміріне хабарласуға болады. Қала тұрғындары аурудың асқынған белгілері анықталған жағдайда жедел түрде 382-33-50 нөмірі бойынша қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне хабарласа алады.
sputniknews.kz