Алматыда коронавирустың анықталғаны рас па?

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

9 0 0

WhatsApp мессенджері арқылы Алматыда бір адамнан коронавирус ауруы анықталғаны туралы ақпарат тарап кетті

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы Гонконгтан келген қазақстандықтың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Басқарманың баспасөз хатшысы Нәбира Жұмабайқызының мәліметінше, WhatsApp мессенджері арқылы Алматыда бір адамнан коронавирус ауруы расталғаны туралы мағлұмат тарап кетті. Бұл дерек шындыққа жанаспайды. Ауруханаға жеткізілген ер адамда коронавирус анықталған жоқ.

«Бүгін жедел жәрдем станциясына қаланың бір тұрғыны хабарласты. Түнде Гонконгтан келдім деді. Денесі қалтырап, ыстығы көтерілген», — дейді Жұмабайқызы.

Хабарласқан ер адамның үйіне шұғыл жедел жәрдем аттанды. Дәрігер мамандар арнайы киімді де киіп барды. Осыдан кейін пациентті өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен И.Жекенова атындағы клиникалық инфекциялық ауруханаға жеткізді. Стационарда ер адамды арнайы боксқа жатқызды.

«Консилиум өтті. Ал пациентті қарап шыққаннан кейін диагноз қойылды. Ол – тұмау. Жағдайы орташа ауыр болған. Бұдан бөлек, вирусологиялық сынама алынды. Хаттама бойынша тұмауды емдеу шаралары басталды. Қытайдағы коронавирус инфекциясына байланысты пациент бақылауға алынды», — деді Нәбира Жұмабайқызы.



sputniknews.kz