Алматыда коронавирустан қайтыс болған науқас жайлы ақпарат шықты

0

Марқұм ұзақ уақыт вирустық гепатит, қант диабеті, артериялық гипертензия, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы секілді созылмалы аурулармен ауырған

АЛМАТЫ, 6 мамыр – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясынан көз жұмған науқас бірінші топтағы мүгедек болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаланың денсаулық басқармасына сілтеме жасап.

«Алматыда коронавирус инфекциясынан 68 жастағы ер адам көз жұмды. Пациент ұзақ уақыт вирустық гепатит, қант диабеті, артериялық гипертензия, бүйректің созылмалы пиелонефриті, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы секілді созылмалы аурулармен ауырған. Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедек болған», — делінген ақпаратта.

Оқи отырыңыз: Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 4 344 адамға жетті

Науқас ауруханаға ауыр хәлде түскен. COVID-19 инфекциясына тапсырылған тест оң нәтиже берген соң, инфекциялық стационарға ауыстырылған.

«Емдеу хаттамаға сәйкес жүргізілді. Соған қарамастан, жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алу апаратына қосылды», — делінген ақпаратта.

Науқас созылмалы жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі мен COVID-пневмония салдарынан көз жұмды.

«Қайтыс болуының негізгі себебі – коронавирус инфекциясы. Бұл шешімді құрамына бейінді мамандар, оның ішінде пульмонологтар кіретін комиссия қабылдады», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматыда 1 392 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Жұқпалы аурулар стационарларында 1 156 пациент ем алып жатыр.



sputniknews.kz