Алматыда коронавирустан көз жұмған әйел қалай жерленеді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Алматы қаласының маңында коронавирустан көз жұмған науқастарды жерлейтін арнайы жер белгіленген

АЛМАТЫ, 10 cәуір –Sputnik. Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирустан қайтыс болған науқастың қалай жерленетіні жайлы айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бізде қала бойынша аурудан көз жұмғандарды жерлеу бойынша алгоритм құрылды. Соған сәйкес, әр қызметтің өз атқаратын міндеті бар. Медициналық жақтан науқас қайтыс болғаннан кейін дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Әрі қарай діни қызметкерлер өз жұмысын атқарады», — деді Әбілдаев.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы қаласының маңында коронавирустан көз жұмған науқастарды жерлейтін арнайы жер белгіленген.

«Қала сыртында арнайы жер белгіленді, сол жерде арнайы діни рәсімдер өткізіледі. Ислам бойынша да белгілі тәртіп сақталды, басқа дін бойынша да дәл солай жасалады», — деді Әбілдаев.

Қайтыс болған науқас 1956 жылы туған. Ол 13 наурызда коронавирус табылған науқаспен байланыста болған адам ретінде стационарға жатқызылған.

«Қайтыс болған кісі — әйел адам, cлавян ұлтының өкілі. Стационарда болған кезде одан коронавирус табылды. Өз уақытында хаттамаға сәйкес емдеу шаралары басталды. Өкінішке қарай, науқастың көптеген антибиотикке, пневмония кезінде берілетін дәрілерге аллергиясы болды. Науқаспен байланыста болғандар бірден карантинге алынды, олардың бірнеше адам сауығып, ауруханадан шықты», — деді басқарма басшысы.

Қазақстанда коронавирус індетінен тоғыз адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта індетті жұқтырғандар саны 802 адамға жетті. 60 науқас дерттен сауықты. 



sputniknews.kz