Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі жастар болып шықты

0
17

Қала бойынша он мың адам коронавирус инфекциясына тексерілген, ішінде тоқсан бірінде коронавирус расталып отыр

АЛМАТЫ, 3 сәуір – Sputnik. Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі 20-29 жастағы жастар болып шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазір Алматыда 91 адамнан инфекция анықталды. Оның 35-і шетелден келген, олармен байланыста болған 48 адамнан вирус анықталды. Еш жерге бармаған, ешкіммен қатынасып көрмеген Алматының бес тұрғынынан инфекция табылды. Ол бес адамнан ауру тағы үш адамға жұқты», – деді Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифингте.

Айтуынша, науқастардың 33%-і Мәскеуден келген, 25%-і Стамбулдан, 16%-і Берлиннен, Санкт-Петербургтен – 13%, 13%-і Минскіден келген.

Қалада ең көп ауырғандар – 20-29 жастағы жастар, одан кейін 30-39 жастағылар. Ең қауіпті саналатын 60-тан асқан адамдар арасында 7 науқас тіркелді.

Айтуынша, бастапқыда Алматыда инфекцияның 42 ошағы болған, қазір 28-і қалды.

Қала бойынша 10 мың адам коронавирус инфекциясына тексерілген, ішінде 91 адамда вирус расталды.

Тағы оқыңыз: «Бастығыңыз біледі, төменге түсіңіз деді» – карантинге жатқызылған еріктілердің әңгімесі

Молдағасымованың айтуынша, қалада көп адамға вирус таратқан жеті науқас бар.

«Ауру кейде симптомсыз, кейде жеңіл түрде өтеді. Жеті адамда вирустың агрессивті формасы болған. Олар көп адамға ауру таратқан. Науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 109 адам анықталды. Науқаспен байланыста болуы мүмкін 639 адам бақылауға алынды», – деді Молдағасымова.

Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда ауруды жұқтырғандар саны 453-ке жетті.



sputniknews.kz