Алматыда коронавирус жұқтырған екі науқас ауыр халде жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Алматыда коронавирус жұқтырған екі науқас ауыр халде жатқандықтан жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Қазіргі таңда Алматыда коронавирусқа шалдыққандардың саны — 847 адам.
«Кешегі күні тағы 5 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Оның төртеуі — карантиндегі науқаспен байланыста болғандар. Оның ішінде 1989 жылы туған екі ер адам және 1971, 1958 жылы туған екі әйел кісі бар. Ал бесіншісі — кеше «Атырау — Алматы» рейсімен ұшып келген 1988 жылғы әйел. Экипаждың барлық мүшелері карантинге жатқызылды»,– деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Екі науқас өте ауыр халде, 29 адамның жағдайы ауыр, 214 адамда – орташа ауыр, қалған пациенттердің жағдайы бірқалыпты деп бағалануда. Екі науқастың тыныс алуы қиындағандықтан жасанды тыныс алу аппараттарына қосылыпты.
Алматыда жұқпалы ауру стационарларында 744 адам ем қабылдауда. Ал провизорлық госпитальдарда 481 науқас жатқызылған, олардың 11-і бала.
Бүгінгі күні Алматыда 96 науқас індеттен айығып, ауруханадан шығарылған, оны алтауы — балалар.
stan.kz