Алматыда көлік апатынан 10 айда 114 адам ажал құшқан

0

Көлік тізгініне отырғанда «сақтансаң – сақтайды» деген сөзді қаперімізден шығармағанымыз абзал. Жол ережесін пысқырмайтын жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін улап жатады. Жан түршіктірер апаттардан қол-аяғынан айырылып арбаға таңылып жатқандар қаншама. Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиевтің сөзінше, жол-көлік оқиғаларының ең басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде, жылдамдықты шамадан тыс  асырып жүруі немесе түрлі оқыс қимыл жасап басқа көліктерге жол бермеуінің салдарынан болып жатады.        

Алматылық полицейлер жүргізушілерге сабақ болсын деген мақсатпен, жантүршігерлік апатқа ұшырап, тас-талқаны шыққан көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Олар мұндай шара арқылы жүргізушілерді жолда абай болып, сақ жүруге шақырады. Жол құрбандарын үнсіздікпен еске алып, олардың құрметіне гүл шоқтары қойылды.   

Бұдан былай көлік жүргізушілеріне бұрынғыдан да мұқият болуға тура келеді Шаһарда жол-көлік апатын азайту мақсатында полицейлер енді көлік жылдамдығын қатаң бақылауға алмақ. Осы орайда барлық бейнекамераларға жаңа ереже енгізілген. Енді қала ішінде сағатына 60 немесе 80 шақырымнан асыруға тыйым салынған бейне бақылаудан өткен соң, келесі камераға жеткенше жылдамдықты үдетуге болмайды. Ақылды камералар көліктің сол аралықты қанша уақытта жүріп өткенін әп сәтте-ақ анықтайды.

– Жаңа ереженің ерекшелігі – жылдамдық шегін тек посттарға жақын жерден емес, бүкіл бағыт бойымен анықтайды. Қазір жүргізушілердің көбі бақылау камераларының алдында ғана жылдамдықты азайтып, посттан өткеннен кейін бірден жылдамдықты мөлшерден асырады. Бұдан былай екі пост арасындағы уақытты дәл көрсететін сервер орнатамыз. Мәселен, сіз сол аралықты 5 минут емес, 3 минутта жүріп өтсеңіз, жылдамдықты асырдыңыз деген ұйғарым шығарылады, – дейді Алматы қаласы ПД техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Ольга Агафонова.       

Қазір бұл жүйе қала бойынша 110 бекетке орнатылыпты. Ал таяу күндері олардың санын 140-қа жеткізу көзделген. Жол ережесін елемегендерге желтоқсан айынан бастап айыппұл салынатын болады. 550 мың  көлік ресми түрде тіркелген шаһарға, тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер саны 250 мыңнан асып жығылады. Мұндай  жағдайда жүргізушілер мәдениеті мен тәртібін қалтқысыз қадағалау  оңай шаруа емес. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Айналып келгенде, өмірің өзіңе керек, жүргізуші!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ