Алматыда Көк базар жабылды
Алматыда Көк базар аумағында қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты тиісті шаралар мен эпидемиологиялық зерттеу жүргізу үшін Көк базардың қызметі тоқтатылды.
Базардың жұмысының тоқтауына базар әкімшілігінен коронавирус жұқтыру дерегінің тіркелуі себеп болған. Бұл жағдайды анықтап жатқанда тағы 19 адамнан коронавирус табылған. Олар да әкімшілік қатарынан шыққан.
Сатушылар арасынан инфекция жұқтыру жағдайы тіркелмеген. Сонымен қатар осыған дейін мониторингтік топтардың тексеруі барысында Көк базар аумағында жұмысшылар мен сатушылар үшін байланыссыз термометрияның сақталмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және келушілер арасында қашықтық сақтау үшін арнайы белгілердің белгіленбеуі, жеке қорғаныс құралдарын тиіссіз қолдану және утилизациялау, тиісті жұмыс режимінің орындалмауы сынды тәртіпбұзушылықтар анықталған.
Анықталған тәртіпбұзушылықтарға байланысты ҚР ӘҚтК 425-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, Медеу ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылдың 13 маусымынан бастап «Компания Достар-Коммерц» қызметі сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылған.
Қазіргі уақытта әкімшілік істің материалдары Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына беруге әзірлену үстінде. Сонымен қатар базар қызметкерінің бірі қайтыс болғаны хабарланды.
Оның өлім себептерін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанындағы өлім себептерін зерттейтін комиссия анықтайтын болады. Айта кетейік, соңғы деректер бойынша елімізде коронавируспен ауырғандар саны 14 238-ге жеткен. Олардың 3051-і Алматыдан.
nur.kz