Алматыда көгершіндердің өлуінің себептері белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында табылған көгершіндердің өліміне қатысты жүргізілген сараптама нәтижелері белгілі болды. Мамандар улануды да, ауруды да жоққа шығарып, олардың асқазандарының бос болғандығын айтты. Яғни, құстар аштықтан өлді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«Ұлттық ветеринариялық орталық» шамамен 20 көгершіннің өліміне қатысты мынадай қорытынды шығарды:

— құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, орбитоз, хламидиоз, пастереллез сияқты жұқпалы аурулар алынып тасталынады;

— ағзада ауыр металдардың, хлордың тұздары болуы да расталмады;

— құстарды тексеру барысында асқазандары бос болған.

«Ветеринарлық зертхананың қортындысы бойынша құстардың хлордан улануы мүмкен деген болжам расталмады. Барлық мердігер ұйымдардың дезинфекциялық құрамы тексерілді. Барлық құралдар стандарттарға сәйкес келеді және адамдар мен жануарларға зиян келтірмейді», — деді Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов Алматы саябағындағы көгершіндер аштықтан өлуі мүмкін деген болжам айтқан болатын.

Еске салсақ, Алматыда карантинге қарсы алғашқы дезинфекциялық жұмыстар басталғаннан кейін өлі көгершіндер табылған болатын. 

stan.kz