Алматыда карантинге жабылған үйде тұрып жатқан бойжеткен сұхбат берді
Зере Дарханова үйінің кіреберісі карантинге жабылғанын қорғаныс киімін киген үш медицина қызметкері келгенде бір-ақ білген
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik, Айгерім Таубай. Алматы қаласының сегіз ауданында екі жүзден аса инфекция ошағы анықталып, төрт күнге карантинге жабылды. Әуезов ауданында тұратын 23 жастағы Зере Дарханова Sputnik Қазақстан тілшісіне 14 сәуірде карантинге алынған үйдің аумағында не болып жатқанын айтып берді.
Екі апта шығуға болмайды
Зере Дарханова (аты-жөні өзгертілді) егде жастағы әжесімен бірге тұрады. Кіреберіс карантинге жабылғанын үйіне қорғаныс киімін киген үш медицина қызметкері келгенде бір-ақ білген.
«Бізге үйдің жанында орналасқан №16 емхананың дәрігері, медбикелері хабарлады. Арнайы қорғаныс киімін киіп алған үш кісі келді. Бастапқыда есікті ашпаймыз деп ойладық. Себебі кім екені белгісіз, оның үстіне аппақ киім киіп алған. Медбике өзін таныстырған соң ғана есікті аштым», — дейді Зере.
Алайда ол дәліздің ағарып жатқанын көргенде қорқып кеткенін айтады. Ол жерде дезинфекция жұмысы жүргізіліп жатқанын естімепті. Артынша мамандар тұрғын үйдің карантинге жабылғанын хабарлап, арнайы нұсқаулық таратқан.
«Үйде екі адам тұрамыз. Бізге толтыруға төрт қағаз берді. Жеке куәлік нөмірін, тұрғылықты мекенжайды жазып бердік. Телефон нөмірімізді де алды. Екі данасын өздерімен алып кетті. Сосын тағы бір нұсқаулық таратты. Ол жерде «тұрғын үй карантинге жабылады, екі апта шығуға болмайды» деп жазылып тұрды», — дейді бойжеткен.
Оң жақта «мусорка», сол жақта үстел тұр
Бойжеткен көршісінен коронавирус инфекциясы табылғанын естігенде азық-түлікке тапсырыс беру мен қоқысты шығару жайында сұраған.
«Кіреберістен шыққан жерге қоқыс жәшігі қойылатынын, тамаққа тапсырыс беруге болатынын айтты. Мен оған дейін еріктілердің карантинге жабылған үйлерге азық-түлік апарып, көмек көрсеткенін көргенмін. Алайда дәрігерлер бұл жайында бейхабар екен. Ал үйдің алдына қойылатын үстелге тапсырысты жеткізуші азық-түлікті қалдыра алады», — деді ол.
Бастығыңыз біледі, төменге түсіңіз деді» – карантинге жатқызылған еріктілердің әңгімесі
Зере үйдегі азық-түлік таусылған соң тапсырыс беру сайттарына кірген. Алайда жеткізушілер тапсырысты үйдің есігіне дейін емес, подъезге дейін ғана әкеледі.
«Олар келген кезде медициналық қолғап пен бетперде, жеке қорғаныс құралдарын киіп далаға шықтым. Үйдің алдын қоршап тастаған, бір метр жүруге де мүмкіндік жоқ. Оң жақта «мусорка», сол жақта үстел, оның жанында полиция отыр», — деп сипаттап берді Зере.
«Неге олай болды деп жылап жібердім»
Зереден карантин аумағында тұрып жатқандардың денсаулығын бақылап жүрген медицина қызметкерлері жайлы да сұрадық. Айтуынша, олар телефон арқылы тұрақты түрде шағымдары бар-жоғын бақылап отырады.
«Кеше ғана медбике хабарласып, жағдайымызды білді. Тұмаудың белгісі байқалмай ма, дене қызуы көтерілген жоқ па деп сұрады. Дәрі қажет болған жағдайда алып келеміз деп отыр», — дейді ол.
Ал Зере үйге кіріп денсаулығымызды тексеремін десе, кіргізбеймін дейді. Ол медбикелердің өзінен инфекция тарай ма деп қорқады.
«Он күнде неше рет дезинфекция жүргізілгенін білмеймін, себебі дауысын естімедім. Денсаулығымызды телефон арқылы тексерді. Ал бізге келіп екпе егеміз немесе дене қызуыңызды тексеріміз десе де, рұқсат бермес едім. Себебі бір үйден екінші үйге не алып келетінін білмейміз. Әжем зейнеттегі дәрігер, анам да дәрігер, отбасымызбен оған қарсымыз»,- деді бойжеткен.
Әңгіме соңында ол тұрғын үйдің карантинге жабылғанын естігенде жылап жібергенін айтты. Алайда уақыт өте келе үйреніп кеткен.
«Пенде болған соң бірінші күні қатты уайымдадым, «неге олай болды» деп жылап жібердім. Қазір көпшілік үйде отыр, ал карантинге жабылған аймақтағы адамдардың бір айырмашылығы – бұрынғыдай кез келген уақытта тапсырыс бере алмайсың, қоқысты тастауға да жиі шыға бермейсің. Себебі ол өз басыңды қатерге тігу. Қазір он күн өтті, үйреніп кеттік»,- дейді Дарханова.
sputniknews.kz