Алматыда карантин қалай жеңілдейді: Бекшин жауап берді

0

Он жетінші тамыздан бастап республика бойынша карантин жеңілдетіледі, дегенмен демалыс күндері қатаң шаралар сақталады

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режиміндегі өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, жұмыс күндері қаладағы қоғамдық тамақтану орындары таңғы сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал демалыс және мейрам күндері сағат 10.00-23.00 арасында ашық болады.

«Көптеген қоғамдық тамақтану орындары көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан. Жеке орналасқан тамақтану орындарының халыққа ешқандай зияны тимесе, жұмыс уақытын бір сағатқа көтеруге мүмкіндік бар. Осыны қарастырып, бір шешімге келеміз», — деді Жандарбек Бекшин.

Қаланың бас санитары кәсіпорындардың жұмысы тоқтамауы қажет екенін, соған сәйкес санитарлық нормалар қабылданғанын айтты.

«Қоғамдық тамақтану нысандарының күндіз келушілерді қабылдау ережесі бар. Олар толымдылығы 50%-ке дейін қабылдай алады. Үстелдердің арасында екі метр арақашықтық болуы керек, ал енді орындықтар арасы 60 сантиметрден кем болмауы керек. Тамақтану орындарының қызметкерлері бетперде мен қолғап киіп жүруі керек. Сондай-ақ, қоғамдық экрандар қойылады», — деді Алматының бас санитар дәрігері.

Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин сауда және ойын-сауық орталықтары, аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда орталықтары, таза ауада орналасқан аттракциондар аудиттен өтетінін хабарлады.

«Басқарма аудандармен бірге аудитті жылдам түрде өткізуге дайын. Қазір республиканың бас санитар дәрігерінің қаулысын күтіп отырмыз. Демалыс күндеріне қарамай жұмыс жүргізіледі. Жандарбек Бекшиннің қаулысына қосымша ереже енгізіліп жатыр. Ең алдымен, жұмыскерлерді тестілеу. Кәсіпкерлер қызметкерлерін тестілеуден өткізу үшін infokazakhstan.kz сайтына тіркеліп, қаладағы 12 лабораторияда тестілеуден өткізуге өтініш бере алады»,- деді Оразалин.

Айтуынша, қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысында кәсіпкерлік нысандарға, кәсіпкерлік компанияларға видеобақылау орнату пилоттық жобасы қабылданып жатыр.

«Жұмыскерлер мен келушілер бойынша медициналық бетпердені қалай таққаны, арақашықтықты қалай сақтап жатқанын бақылау үшін видеобақылау орнату қабылданып жатыр», — деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, мемлекеттік комиссия карантинді жеңілдетуге байланысты жұмысын қайта бастайтын қызмет түрлерінің тізімін бекітті:

  • сауда ойын-сауық орталығы, сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлар (бір келушіге төрт шаршы метр).
  • сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.);
  • бассейні жоқ фитнес орталықтары (толымдылығы 50%-тен аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4ш.м.);
  • балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топта 5 адамнан артық болмайды, жазылу бойынша қабылдайды);
  • мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (5 адамнан артық болмауы керек);
  • ашық ауадағы аттракциондарар ақашықтықты сақтау, маска тағу және адамдар ағынын реттеу арқылы жұмыс істейді.

Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/society/20200815/14714505/Almaty-kogamdyk-tamaktanu-oryndary.html