Алматыда ХҚКО-да кезекті жеделдету үшін ақша алғандар ұсталды — Қылмыс
Алматыда ХҚКО-лардың бірінде кезекті жеделдету үшін ақшалай сыйақы алған қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасындағылар арнайы жедел іс-шара барысында азаматтарды кезексіз қабылдау үшін ақшалай сыйақы алып отырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерін ұстаған болатын.
«Қызметкер кезекті жеделткені үшін 7 мың теңге алған. Ол бірден сол жерде ұсталды. (…) Бірнеше қызметкердің осылай ақша алып отырғаны анықталды — 5 000 — 15 000 теңге аралығында. Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, олар ақшаның жартысын корпорацияның инспекторларына беріп отырады. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 247-бабы бойынша («Заңсыз сыйақы алу») Алатау аудандық Полиция басқармасы тергеп жатқан қылмыстық іс материалдарына қосылды», — деп хабарлады қалалық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Берік Әбілбеков.
Cондай-ақ, Алатау ауданының полицейлері қылмыстық іс материалдарының үш күн ішінде сотқа жолданатынын айтып өтті.