Алматыда хостелдегі өрттен қаза тапты деп саналған Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты

0

Алматыдағы хостелдегі өрттен мерт болды деп саналған Түркістан облысының тумасы Рамазан Әмірәлінің тірі екені белгілі болды. Студент оқиға орын алған кезде үйінде болған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Отырар порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарыағаш ауданы Дербісек ауылы әкімінің орынбасарының айтуынша, 20 жастағы Рамазан негізінде Шымкенттегі медреселердің бірінде білім алады. Ол Алматыға ақша табу үшін келген. Солай арзан баспана тауып орналасқан. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын жігітке ата-анасы Ташкентке бірге тексеруден өту үшін үйге оралуын сұраған. Қазір Рамазан өз үйінде ата-анасының жанында.

Ал Түркістан облысының Қазығұрт ауданында хостелдегі өрттен қаза тапқан 20 жастағы Бейбарыс Әлдібек жерленді. Жігіт Алматыға ерекше қажеттілігі бар ата-анасына қаржылай көмектесу үшін жұмысқа келген. Ол отбасына бірнеше күннен кейін үйге оралатынын айтып уәде берген.

Еске салсақ, 30 қараша күні сағат Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, 13 адам қайтыс болғанын хабарлаған едік. Мерт болғандардың арасында студенттер болды.