Алматыда ХІ Media-құрылтай өтті

0

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, құрылтайға тек редакторлар мен қазақстандық басылым­дардың қожайындары, сарапшылар, саясаттанушылар ғана жиналмайды. Отандық медиа-нарықтың тамырын басып, қайда бағыт алып бара жатқанын бақылап отыру үшін құны жоғары жарнама таратуға әлеуетті трансұлттық компаниялардың PR-менеджерлері де әңгіме ауанына құлақ түріп отырады. 

Биылғы медиа-құрылтайдың басты оты­рысы «Қазақстанның медиа нарығы: жыл сайынғы тексеру және диагностика» та­қырыбына арналды. Мінберге шақырыл­ған Ақпарат және коммуникациялар министр­лігінің өкілі  Бекзат Рахымов, Медиа альянс­ басқармасының төрағасы Арманжан Байта­сов, Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова сынды спикерлер елі­міздің жалпы әлеуметтік-экономикалық өмі­рін алақанға тосқан медиа-нарықта бүгінгі болып жатқан өзгерістерді талқылауға тамызық тастады.

Құрылтайдың «Цифрлық дәуірдегі бұқа­ралық медиа: өлше де, үстем бол» тақырыбын төрге шығаруы да кездейсоқтық емес. Жап­пай цифрлы технологияларға ауысып отыр­ған заманда медиа тиімділігін дәл әрі нақты өлшеу БАҚ-тың бизнес-стратегиясына ті­келей әсер етеді. Өлшеу мәселесі Media-құ­рыл­тай аясында тұрақты түрде көтеріліп отыратын тақырып ретінде кәсіби ортаның үлкен қызығушылығын тудырып қана қой­май, нарық ойыншыларына бүкіл салаға әсер ететін бірлескен шешімдерді қабылдауға мүм­кіндік береді. 

Интернет деген терең құдықтың заманында теледидарды кім көреді? Дәстүрлі БАҚ ар­қылы тараған ақпараттарға кім түгел сенеді, деген статистикалар төңірегінде өрбіген па­нель­дік отырыстар өткір пікірталастарға мұрындық болды. Өйткені бұл жерде әрбір медиа-ресурстың өз мүддесі бар. 2013 жылдан бері отандық телеарналардың рей­тингі өсіп келе жатқанына қарамастан, спут­никтік телеарналардың арқасында отан­дастарымыздың 77 пайызының шетелдік ар­на­ларды қарауға мүмкіндігі бар. Оған қоса digital  дәуірінде жұртты өзіне бұрып әкетіп жатқан әлеуметтік желілер мен басқа да ақпарат көздері жеткілікті. Сондықтан да аудитория назарын бұру дәстүрлі БАҚ үшін бұрынғыдан да өзекті бола түскені ақиқат. 

Сонымен рейтинг жасауда бірден бір­­ монополист өлшегіш құралы болып отыр­­ған TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцеваның мәлімдеуінше, қа­зақ­стандықтардың 61 пайызы күн сайын, 90 пайызы ай сайын тұрақты түрде теледидар тамашалайтын көрінеді. 2013 жылдан бері Қазақстан бойынша телевизия өз ауди­ториясының 14 пайызын жоғалтқан. Бұл – өткен жылдың қорытындысы. Алайда құрыл­тайда TNS Central Asia жасап отырған рейтингке күмән келтіретіндер табылды. 

Өйткені бұл өлшемдерді жасауда қандай телебағдарламалар таңдалады? Осы сауал жүргізілетін ортаны кімдер құрайды? Үй­де отырған 2-3 мың респондент бүкіл қазақ­стандық медиа-нарыққа ықпал етуге және БАҚ-тың қаржылық жағдайына араласуға қаншалықты құзырлы, деген сауалдардың қойылуы заңдылық. 

Осы тұрғыдан келгенде «Алаш медиа тобы» ЖШС бас директоры Батыр Қазыбаев­, саясаттанушы Айдос Сарым, «Atameken Business Channel»  ЖШС бас директоры Қанат Сахарияновтардың келтірген уәждері өте нанымды болды. 

Сондықтан да отандық медиа-нарықта қазақ тілді-орыстілді болып бөліне бермей, нағыз жағдайды сараптайтын баламалы бір­неше өлшегіш құралы қажет. Біржақты, ала-құла жасалынатын рейтинг мемлекеттік тілдегі БАҚ-тың несібесіне қиянат жасап отыр­ғанын жоққа шығарудың қажеті жоқ. Мәселен, Қазақстан нарығына келген компаниялар TNS Central Asia жасаған рейтингке арқа сүйейді.

Қалай десек те, Media-құрылтай қазақ тілін­дегі БАҚ-ты дамыту мәселесінен еш­қа­шан аттап өткен емес. Бұл жерде­ өз нәпақасынан көпе- көрнеу айыры­ла­­ бермеу үшін мемлекеттік тілдегі медиа-құралдарының өзіне де етітірілік жет­пей жататынын қынжыла баяндауға тура келеді. Себебі – біреу. Мемлекет қазақ тіл­ді БАҚ-ты дамытуға елеулі қаржы салып отырғанына қарамастан, ол әлі де болса на­рық­тың талабына сай қадам баса алмай отыр, контентті монетизациялау жағы өте бәсең жүріп жатыр. Бірқатары медиа бизнес ретінде жұмыс жасап отырған жоқ, жарнамаға бөлінетін уақыт пен алаңды сату жағынан мар­кетингтік стратегиясы жоқ.

Мәселен, Media-құрылтайдың түстен кейін­гі басты жиыны да «Мемлекеттік тілдегі БАҚ: нақтылық пен келешек» тақырыбына текке ойысқан жоқ.

– Бұрынғысынша өткір пікірталастар мен ұсыныстар  аясында біз медиа-нарықтың ең өзекті деген мәселелеріне басты көңіл бөліп отырмыз, – дейді Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова. – Өткен жыл­дар ішінде Media-Құрылтай  ақпарат айды­нындағы ең елеулі оқиға­лардың біріне айналып үлгерді. Біздің мін­детіміз – ақиқатында медиа нарықта бар  мәселелердің бетін ашып, шешімдер тауып, келісімге келу, медиа сала­сының ашықтығы мен кәсіби деңгейін көтеру.

Сонымен қатар құрылтайда БАҚ жұмы­сының тиімділігіне талдау жүргізуге арналған дүниежүзі мойындаған технология – Chartbeat сер­висін Қазақстанда іске қосу аясында шебер­лік сабағы өтті. Нью-Йорктен келген Chartbeat командасы қазақстандық БАҚ-тың бәсе­кеге қабілеттілігін көтеруге арналған жүйе­нің мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түрде көрсетіп, халықаралық басылымдардың табысты кейстерімен таныстырды.  

Қатарлас жүргізілген шеберлік дәрісінде Factcheck.kz командасы фактчекингке қатыс­ты тәжірибелерімен бөлісті. Яғни, медиа-мамандар жалған аккаунттар мен фотосуреттерді тануға арналған жаңа құралдарды, ашық деректермен жұмыс істеу технологияларын ұсынды. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ