Алматыда халқы Кәрім Мәсімовтің әкесін соңғы сапарға шығарып салды
Бүгін Алматы халқы қоғам қайраткері, «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының» президенті Қажымқан Мәсімовті соңғы сапарға шығарып салды
АЛМАТЫ, 9 сәуір – Sputnik.«Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының» президенті Қажымқан Мәсімовпен қоштасу рәсімінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаттарын оқыды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елбасы мен Тоқаевтың көңіл айту хаты кеше жарияланған екен. Бірақ әкім қоштасу рәсімінде хаттарды тағы бір мәрте оқып беруді жөн санапты.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаттарын оқыды
Назарбаев пен Тоқаев ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің қазасына байланысты туған-туыстарына, жекжат-жұрағаттарына көңіл айтып, марқұмның елге сіңірген еңбегі елеулі екендігін атап өткен.
Бұдан бөлек қаралы жиында Алматы қаласының әкімі марқұм Қажымқан Мәсімовпен бір ай бұрын сөйлескенін де еске алды.
«Димаш Құдайбергенді әкеліп, концерт жасаймыз деген жоспары да болған. 18 сәуірде ағамыз 80-ге толатын еді. Апамыз екеуі 55 жыл бірге бақытты өмір сүріпті. Сондай мерейтойға дайындығымыз бар еді. Өкінішке қарай, суық хабар жетіп, осы ойдағы дүние ортадан үзілді. Қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз, Кәрім аға, берік болыңыз!», — деді ол.
Қаралы жиында Үкімет мүшелері атынан ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі атынан Владимир Божко, генаралдар атынан Амангелді Шабдарбаев сөз алды.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов марқұм әкесімен қоштасу рәсімінде
«Мен өзім Қажымқан Мәсімов туралы 80-ші жылдары естіген едім. Ол кезде кірпіш шығаратын зауытта практикадан өткенмін. Сол кезде ол кісі туралы жақсы сөздер еститінмін. Ешкімнің бетінен қақпай, барлығына білгенін үйрететін кең адам дейтін. Кәсіпкерлікпен шұғылданып, қайырымдылық жасап, елдің көркеуіне үлес қосқан еңбек адамының алда да қоғамға берері көп еді», — дейді Ермекбаев өз өкінішін жеткізе.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Қажымқан Мәсімовпен қоштасу рәсімі
Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жұмыс сапарымен шетелде жүргендіктен Алматыға келе алмағандығы айтылды.
«Адам аяқ-асты өмірден озғанда, әрине, өкініш кеудеңді кернейді. Ол кісінің ойға алған көптеген жоспары бар еді, өкінішті… Кәрім Кажымқанұлы, қайғыңызға ортақпыз. Әкеңіз сізді еліміздегі ең мықты оқу орындарында оқытып, бүгінгі қалпыңыздың қалыптасуына атсалысқан өміріңіздегі басты адам. Әрине, өкініп, сағынатын боласыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», — деді Владимир Божко.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Қажымқан Мәсімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі
Одан бөлек мемлекеттік көрнекті қайраткері Қанат Саудабаев та сөз сөйледі.
Жиында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов, Түркия Республикасы Парламенті атынан көңіл айту жеделхаттары келіп түскендігі айтылды.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Қажымқан Мәсімовпен қоштасу рәсімі
«Ағамыз жақсы отбасы құрды, жақсы жар, жақсы әке, жақсы ата бола білді.Мұның бәрі біз үшін үлгі. Ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», — деп марқұмммен қоштасу рәсімін аяқтаған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының прзеиденті Мұрат Жұрынов Қажымқан Мәсімовтің денесі Алматы маңындағы «Кеңсай» зиратына қойылатынын жария етті.
Қажымқан Қасымұлын ақтық сапарға шығарып салуға Қазақстанның өзге де белгілі қоғам және саяси қайраткерлері де келді. Оның ішінде Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қайрат Келімбетов, Олжас Сүлейменов, Болат Жәмішев, Қалмұханбет Қасымов, Гүлжан Қарағұсова, Бақытжан Жұмағұлов, Ерлан Сағадиев, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Ғани Қасымов та бар.
Айта кетсек, Қажымқан Қасымұлы 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Ол Омбыдағы Теміржол институтын, Павлодардағы индустриалды институтты тәмамдаған. Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры.
2016 жылдың қараша айында «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының» президенті болып сайланып, бүгінгі күнге дейін осы қызметте болды.
©
Sputnik / Тимур Батыршин
Қажымқан Мәсімовпен қоштасу рәсімі
Қажымқан Мәсімов — Қазақстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі.
sputniknews.kz