Алматыда емхана меңгерушісі ауыр қылмыспен ұсталды
Алматыда вакцинация паспортын қолдан жасап сатқан емхана меңгерушісі мен оның қол астындағылар қызметкерлер ұсталды.
Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.
“Пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантин режиміне қарамастан, олар Алматы қаласы аумағында ақшалай сыйақы үшін 100-ден аса жалған вакцинация паспортын дайындады және сатты деген күдікке ілінді. Сондай-ақ вакцина алу журналына және ДСМ «Вакцинация» электронды модуліне әдейі жалған ақпарат енгізген. Соның негізінде egov.kz электронды үкімет порталында коронавирус инфекциясына қарсы жалған электронды вакцинация паспорттары толтырылған», – делінген агенттік хабарламасында.
Ведомство өкілдері қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын алға тартты. Күдіктілерге қатысты шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып сот шығарады.