Алматыда екі полицейдің өмірін қиған апаттың куәгері: жедел жәрдем кеш келді

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Блок бекеттегі жантүршігерлік апаттан қаза тапқан Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың жақындары кінәліні әділ жазалауды талап етті

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Алматыда екі полицейдің өмірін жалмаған апаттың куәгерлері оқиғаның қалай болғанын айтып берді.  

Олардың бірі жедел жәрдем жылдам келмеді деп отыр.   

«Дала шығып едім, төңірек тұманданып кетіпті. Айқай-шу, біреу айқайлап, біреу жылап жатыр. Көмектесіңдер, тәте дәке, бинт беріңізші деді. Матрас әкеліп, баланы шығардық. Біреуін шығара алмадық. Жедел жәрдем кеш келді, жарты сағаттан кейін келді», — дейді куәгер Фарида Сафарова.

Алматыдағы трагедия: ішкі істер министрі полицейлердің отбасына көңіл айтты

Апаттан көз жұмған екі полицейдің де артында аңырап балалары мен жұбайлары қалды. Марқұм Жарас Жанғазиевтің өсіріп отырған екі қызы болса, Дастан Әбдіқановтың сәбиі жақында ғана қырқынан шыққан. Қайғыдан көкірегі қарс айрылған жақындары кінәлілер жазалануы қажет дейді.

«Лайықты жазасын алуы керек, қызметте тұрғандарды аямаған адам халыққа не істемейді. Баламыз таяуда сәбилі болып, қырқынан шығарып, қуанышқа бөленіп отыр едік. Қайғыға соқтырды да кетті. Кінәлі адам жазасын алсын», — деп талап етті Әбдіхановтың жиен ағасы Камал Ұлдаханов.  

Полиция департаменті апат салдарынан тағы бір қызметкердің жарақат алғанын айтты. Ауыр соққыдан Ербұлан Сейдазым есімді азаматтың басына зақым келген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлады «Астана» арнасы.

Еске сала кетейік, трагедия кеше Алматыдағы Көксай шағын ауданында болды. BMW көлігін тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші алдымен блок бекет қоршауына, содан кейін екі полицей отырған патрульдік көлікке соқтығысқан. 42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза болды. Ал 26 жастағы екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан көз жұмды.

Ережеге бағынбаған азаматтың ішімдік ішкені расталды. Ол Алатау ауданының тұрғыны болып шықты. Егер кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.



sputniknews.kz