Алматыда дүкендердегі сауда көлемі бір күнде екі жарым есеге артты
Тұрақтандыру қорында қазір 18 миллион тонна азық-түлік бар. Қант, май, көкөніс және басқа да азық-түліктер жеткілікті
АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Алматы қаласында сауда орындарында азық-түліктің сатылым көлемі бір күн ішінде екі жарым есеге артты. Бұл жайында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бір айдан бері халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген.
«Тұрақтандыру қорында қазір 18 миллион тонна азық-түлік бар. Атап айтқанда қант, май, көкөніс және басқа да азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Алдағы үш жарым ай бойы қаланы қамтамасыз етуге жетерліктей азық-түлік қоры бар. Қажетті келісімшарт жасалды. Ал арасында белгілі бір тауардың болмауы уақытша, бір-екі сағаттық құбылыс», — деді Тұяқбаев.
Сонымен қатар ол медициналық бетперде тапшылығы жайында да айтты. Тұяқбаевтың мәлімдеуінше, қалаға дүйсенбіден бастап күн сайын 83 мың медициналық бетперде жеткізіледі.
Оқи отырыңыз: Біртанов коронавирус қашан жойылатынын айтты
«Дәріханаларда кей тауарға тапшылық болып жатыр. Оның бірі – медициналық бетперде. Алматы қаласына ең жақын орналасқан өндіріс орнымен келісім жасалды. Орта есеппен тәулік сайын 80 мың бетперде жеткізуге мүмкіндік бар. Кеше 80 мың, бүгін 60 мың бетперде жеткізілді, демалыс күндері 140 мың жеткізіледі. Ал дүйсенбіден бастап 83 мың дана алдырамыз», — деді ол.
Оның айтуынша, қоғамдық көлік, метроны тазарту жұмыстары басталды.
«Әкімдіктің қойып отырған ең маңызды талаптарының бірі – қоғамдық көліктерге дезинфекция жасау. Бұған 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөлдік. Қоғамдық көлік, аурухана, дәріханаларда күнделікті тазарту жұмыстары жүргізіледі»,- деді ол.
Қоғамдық көліктерді тазарту жұмыстары мемлекеттік және жекеменшік автотұрақтарда жүргізіледі.
Қазақстанда үш адамнан коронавирус табылды
13 наурызда денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус тіркелгенін мәлімдеді. Германиядан Алматыға ұшқан екі қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бірінші науқас ұшақпен 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген.
Кейінірек Нұр-Сұлтанда да коронавирус тіркелді. Қауіпті инфекция Милан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақпен ұшқан қазақстандық әйелден табылды.
sputniknews.kz