Алматыда директор баланы мектепке қабылдамаған: Депутат оқу орнында шу шығарды (видео)
Алматыдағы №102 мектепте баланы мектепке қабылдаудан бас тартқан. Мәселені шешу үшін Алматы қаласы мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов баланың ата-анасымен келді. Алайда оның соңы жанжалға ұласып кетті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғашында №102 мектептің директоры депутатты кабинетіне кіргізбей қойған. Кейін арада дау туған. Директор кездесуді видеоға түсірмеуді талап еткен. Олар телефонды алып тастаудан бас тартып, баланы мектепке қабылдамауды заңбұзушылық деп санайтындарын айтты. Оқиға орнына тіпті полиция келген.
Тимур Елеусізов әлеуметтік желіде жағдайды айтып берді.
“Бала төрт жыл басқа мектепте оқыған, бұрынғы мектебінде өте жақсы оқыған. Мұғалімдері оған оң баға берген. Соған қарамастан, директор баланы қабылдаудан бас тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасады”, – деді депутат.
Сөзінше, директор баланы не себепті қабылдамағанын түсіндірмеген, яғни нақты себебі жоқ. Ол осы арқылы баланың құқығы бұзылғанын айтты.
“Алматы қалалық білім басқармасы мен прокуратурадан №102 мектеп директорының әрекетін жан-жақты тексеруді сұраймыз. Болашақта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін бұл жағдай тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Балалардың құқығын қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз!”, – деді Елеусізов.
Білім басқармасы бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Еске салсақ, Тимур Елеусізов Алматы мәслихатының сессиясы кезінде боқтап жіберген еді.