Алматыда діни орталықтар 30 мамырдан бастап ашылатын болды: Мешіттерге қандай шектеулер орнатылды? — Қазақстан жаңалықтары

0

30 мамырдан бастап Алматы қаласындағы діни ғимараттар өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы мешіті

Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 28 мамырдағы №32 қаулысына сәйкес, ертеңнен бастап санитарлық-дезинфекциялау режимінің талаптарын қатаң сақтаған жағдайда қаладағы діни ғимараттар өз жұмысын бастай алады. 

Бұған қоса карантин уақытында діни нысандардың жұмысына қойылатын басты талап ұжымдық іс-шаралардың өткізілуіне шектеу екені атап өтілді . Мәселен, жұма намаздары, сенбі және жексенбі күні өткізілетін ғибадаттар, адамдармен топталып діни өлеңдер айту секілді және басқа да ұжымдық сипатқа ие құлшылықтарды өткізуге рұқсат етілмейді. Бұл шектеулердің басты мақсаты коронавирустық инфекция таралуының алдын алу болып табылады.

Сонымен қатар, құлшылық кезінде діни қызметшілер медициналық маска мен қолғап киюге және де әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Ал, маска кимеген және респираторлық аурулардың кез келген белгілері бар (температураның көтерілуі, жөтел, тамақтың ауруы, тыныс алудың қиындауы) адамдар діни ғимаратқа кіргізілмейді.

Өз кезегінде, діни шараларға қатысуларына рұқсат етілген адамдарға ғимарат ішінде 15-20 минуттан артық бөгелулеріне рұқсат етілмейді.

stan.kz