Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот басталды
2018 жылғы 25 желтоқсан 10:36 258
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот басталды. Қылмыстық іс Алматы қалалық Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі отырыста сотқа дейінгі тыңдалым өтті.
Сот алдында үш адам жауап беруде. Олар — ҚР Қылмыстық кодекстің 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабы 2-бөлімінің 1-тармағы бойынша айыпталған Жанар Толыбаева, ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлімінің 1-тармағы, ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Арман Құдайбергенов, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясов.
Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.
Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.
Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.
Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz