Алматыда бұрынғы прокурор үш адамды жайратып салды
Полиция мәйітті екі күн «жинады»
Джип көлігінің ішін қарап шыққан полицейлер ең алдымен жанып кеткен адамның сүйектерін көреді. Сондықтан олар оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобын шақырған. Сот-медициналық сарапшы мен криминалист-сарапшының пайымынша, көлік өртенген кезде оның ішінде екі адам болған. Бірақ бұл жерде не болды? Жазатайым оқиға ма әлде қылмыстың ізін жасыру ма?
Бұл сұрақтардың жауабы оқиға орнын тексерген кезде белгілі болды. Полиция көліктің жанынан «Макаров» тапаншасының оқсауытын тапты. Адам өлтіріп, артынан көлікті қасақана өртеп жібергені тағы бір сараптама кезінде расталды. Ол біреулердің көлікке әдейі бензин шашып, сосын өртеп жібергенін көрсеткен.
Полицияның сол уақыттағы жалғыз ілігі көліктің мемлекеттік нөмірі болды. Ол өртенгенімен, бүтін қалған. Сол нөмір арқылы автомобильдің Алматыдағы ірі құрылыс компаниясына тиесілі екені анықталды. Бірақ әзірге көлік ішінен өлі табылған екі адамның кім екені белгісіз күйінше қалды.
Тағы оқыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді
Келесі күні таңертең компания басшысы Юрий Тарнопольский мен оның жүргізушісі Фархад Галибабаевтың жұмысқа келмегені белгілі болды. Көліктен нақ осы екеуінің сүйегі табылғанына көз жеткізу үшін полицейлерге сағаттап жұмыс істеуге тура келді. Криминалистер көліктегі күлдің ішінен бірнеше сағат бойы мәйіттер сүйегінің қалдығын іздеді. Артынша бұл материал геномдық сараптама зертханасына жіберілді.
Мамандар екеуінің туыстарының ДНҚ материалдарымен салыстыра зерттей отырып, көліктен табылған сүйек қалдықтарының Тарнопольский мен Галибабаевқа тиесілі екендігін нақты дәлелдеп берді. Кейін бұл тұжырымды Израиль сарапшылары да растаған. Яғни, қателік болуы мүмкін емес – қаскөйлер кәсіпкер мен оның жүргізушісін өлтіріп кетті.
Екі миллион доллар
Сонымен, полиция бірден кәсіпкер мен оның жүргізушісін ақша үшін өлтірді деген болжамға тоқтайды. Айтпақшы, артынан бұл болжам дұрыс болып шықты.
Тергеушілер компания қызметкерлері мен Тарнопольскийдің таныстарын сұрастыра келе, кәсіпкердің бір күн бұрын қомақты ақша жинағанын білді. Әуелі кәсіпкер бас есепшіге қоңыр шалып, шұғыл миллион доллар тауып беруін талап еткен. Ол бұл ақша құрылысқа жер телімін сатып алу үшін қажет деген. Бұдан кейін ол бірнеше досы мен танысына хабарласып, Байқадамов көшесіндегі жақында салынып біткен үйден арзан бағамен пәтер сатып алуды ұсынады.
Кәсіпорынға да, Тарнопольскийдің жомарт ұсынысына келіскен достарына да ақшаны алуға Александр есімді жас жігіт келеді. Александр өзін сабырлы ұстап, ешқандай күдік тудырмай, олар дайындап қойған ақшаны алып кеткен. Осылайша, ол бірнеше сағаттың ішінде екі миллион долларға жуық ақша жинап алады.
Полиция Александрдың кім екенін және оның тұрғылықты жерін тез анықтайды. Бірақ оны табу қиынға соқты. Басты күдіктіні іздеуге бар күшін салған полицейлер оның денесін Алматы қаласының маңындағы тас жолдың оныншы шақырымынан тапты. Соловковты атып өлтіріп кеткен екен. Екі оқ кеудесіне, біреуі басына тиген. Бұдан қылмыстың нағыз ұйымдастырушысы қылмыс ізін «тазартып» жатқаныны белгілі болды.
Кейін баллистикалық сараптама нәтижесі бұл болжамды растады. Кәсіпкер, оның жүргізушісі және Соловков бір қарудан өлтірілгені анықталды.
Үш адамды өлтірген кім?
Бұл қылмыстардың байланысы барын білген полицейлер соңғы үш күнде жәбірленушілердің ұялы телефонына кімдердің хабарласқанын тексеруді ұйғарады. Содан екі нөмірге де бір телефоннан бірнеше рет қоңырау шалынғаны белгілі болды. Ал телефон Сәкен Балгенбаев деген азаматтікі болып шықты. Алайда бұл айғақ оны ұстауға жеткіліксіз еді.
Тек көп жұмыс пен күрделі талдаудан кейін ғана полицейлер нақ осы Балгенбаев үш кісіні өлтірген қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деген тұжырым жасайды.
Полиция күдіктіні ұстау үшін мұқият дайындалды. Оны өз үйінен шығып бара жатқан жерінен қолға түсіреді. Балгенбаевты ұстау операциясын жан-жақты ойластырудың нәтижесінде ғана тапа-тал түсте атыс болмады. Өйткені күдіктіден оқсауыты оққа толы «Макаров» тапаншасы табылды.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында бүтін бір отбасын атып, өртеп жіберді
Бұрынғы прокурор мен ақшасын казиноға салған ойыншы
Қылмыс ашылған тәрізді болып көрінгенімен, баллистикалық сараптама Балгенбаевтың тапаншасынан бұған дейін оқ атылмағанын көрсетті. Дегенмен, нақ осы тапанша күдіктіні қамауға алып, полицейлерге әрі қарай айғақтар іздеуге мүмкіндік берді.
Алғашқы күндері-ақ полиция Сәкен Балгенбаевтың биографиясын егжей-тегжей зерттеп шығады. Ол бұған дейін де тәртіп сақшыларының назарына түскені белгілі болды. Алайда кінәсі дәлелденбей, үнемі «сүттен ақ, судан таза» болып шығып отырған.
Ал қылмыстық ортада ол «Прокурор» деген лақап атпен танымал. Бірнеше жыл Алматы облысының Қаскелең прокуратурасында жұмыс істеген. Осы жерде жұмыс істей жүріп ол күш құрылымдары, сондай-ақ бандиттер арасында да жақсы байланыс орнатады.
Бұған қоса Балгенбаев кәсіби казино ойыншысы ретінде де танылып үлгерген. Ол алғашқылардың бірі болып Мәскеудегі казинолардың «терезесін қаққан». Бірақ атақ үшін емес, жақсы ойнап, ылғи көп ақша ұтып жүргендіктен оны қазақстандық казиноларға кіргізбей қояды.
Прокуратурадан жұмыстан шыққан Балгенбаев құмар ойындарға ақша табудың жолын тез тапты. Пластикалық терезелер сату және орнату бойынша бірнеше компания ашып, ол клиенттерден қомақты ақша жинап алады, бірақ ештеңе істемейді. Ал өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі пара беріп, ортаға таныс адамдарын салып, ақыры жауып тынады.
Мұнымен қоймай, бұрынғы прокурор кәсіпкердің бизнесін тартып алады. Ол айтқанына көнбеген адамның аяғына оқ атып, компаниясына иелік етуге құқық беретін құжаттарға қол қоюға мәжбүрлейді. Дегеніне жеткен соң жаралы кәсіпкерді сол жерде тастап кетеді. Оны сол маңдағы адамдар көріп қалып, жедел жәрдем шақырған. Бірақ ол көп ұзамай ауруханада көз жұмды. Оқиғаны көрген адамның болғанына қарамастан, тергеушілер Балгенбаевтың қылмысқа қатысы барын дәлелдей алмай, бұл іс те жабылған.
Күдіктінің сөзі мен бұлтартпайтын дәлелдер
Балгенбаевты ұстағаннан кейін полицейлер оның пәтерін тінтуге санкция алады. Күдіктінің пәтерінен 94 мың АҚШ доллары мен 300 мың теңге табылды. Бірақ басты айғақ — Балгенбаевтың анасының атына рәсімделген банктердің бірімен жасалған банк ұяшығын жалға алу туралы келісім. Құжатқа бизнесмен Юрий Тарнопольскийдің өлімінен кейін келесі күні қол қойылған болып шықты.
Полиция қызметкерлері банк ұяшығын ашып, ішінен бір миллион жүз сексен мың доллар тапты. Бірақ бұған да қарамастан Балгенбаев кінәсін мойындауға асықпады. Ол полицияға ақшаның өзіне тиесілі екенін растады, оны Мәскеудегі казинода ұтып алыпты-мыс. Сосын ақшаны Қазақстанға контрабандалық жолмен өткізіп, банкте жасырыпты.
Алайда Сәкен Балгенбаевтың өтірігін әшкерелеу қиынға соққан жоқ. Ақшаны сараптамаға жібергеннен кейін полиция олардың кейбіреуінде Тарнопольскийдің фирмасында жұмыс істеген кассирлердің саусақ іздері қалғанын анықтады. Сондай-ақ мамандар банкноттардың арасынан әйелдің шашын тапты. Генетикалық сараптама нәтижесі оның кәсіпкердің компаниясында істейтін кассир қыздың шашы екенін көрсетті. Бұлтартпайтын дәлелдерге қарамастан тәртіп сақшылары Балгенбаевтың Мәскеудегі казинодан ұтып алдым деген сөзін де тексерді.
Тағы оқыңыз: Әйелі бірнеше жыл отасқан күйеуінің сұмдық қылмысына куә болды
Оның Ресей астанасындағы казиноға шынымен барғаны анықталды, бірақ ол ұтпай, керісінше үлкен сомаға ұтылып қалғаны белгілі болды. Қарызын өтеу үшін ол Мәскеудегі бір танысынан 200 мың доллар, алматылық кәсіпкерден тағы 20 мың доллар алуға мәжбүр болған. Берешек ақшаны уақытында қайтара алмаған кезден Сәкен Балгенбаевтың проблемалары басталады. Дәл сол уақытта оған бопсалау және тонаумен айналысатын банда құру идеясы келген. Балгенбаевтың Тарнопольский мен оның жүргізушісінің өліміне қатысы барының тағы бір дәлелі — тінту кезінде оның пәтерінен табылған қағаз. Онда кәсіпкердің телефоны жазылып, белгісіз бір сызба сызылған. Ал күдікті бұның не қылған сызба екенін түсіндіруден бас тартты.
Бірақ полиция мұны өздері анықтай алды. Тікұшақты әуеге көтеріп, өртеніп кеткен джип табылған жерді суретке түсірген кезде, қылмыс болған орын мен қағазға салынған сызбаның сәйкестігін көрді.
Бандиттердің басшысын кім ұстап берді?
Барлық айғаққа қарамастан, Балгенбаев кәсіпкерді, оның жүргізушісі мен курьер жігітті өлтіруге қатысы барын мойындамай қойды. Сондықтан полицейлердің оның серіктестерін іздеуден басқа амалы қалмады.
Бірінші кезекте олар күдіктінің туыстары мен достарын тексерге кірісті. Осылайша полиция 34 жастағы Ербосын Имашевты тапты. Кезінде спортпен айналысқан Имашев жеке меншік компанияда күзетші болып жұмыс істеген. Оның Балгенбаевтың жанында жүргенін жұрт жиі көрген болып шықты.
Бірақ Имашевты табу оңай болған жоқ. Тарнопольский, Галибабаев және Соловковтың өлімінен кейін ол ата-анасын, әйелі мен балаларын тастап қашып кеткен.
Полиция оны тек 2008 жылдың наурызында ғана ұстай алды. Ол бірнеше ай бойы Талдықорған маңындағы тауларда жасырынған. Полицейлердің қолына түскенде жылап жіберіп, алғашқы жауап алу кезінде-ақ мән-жайды айта бастады.
(Жалғасы бар…)
sputniknews.kz