Алматыда бұрынғы банкир «Жомарт Ертаевтың ісі» бойынша сот басталды

0
22

26 желтоқсанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Bank RBK-дағы қаржы жымқыру» ісіне байланысты сот басталды. Бұл істе 37 айыпталушы бар. Олардың арасында бұрынғы банкир Жомарт Ертаев, Qazaq Bank бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим, Bank RBK басқармасының бұрынғы төрағасы Игорь Мажинов бар. Істі судья Роман Селицкий қарап жатыр.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, айыпталушылардың басым бөлігі «қаржы жымқырды» және «қайтармайтынын біле тұра несие берді» деп айыпталып отыр.

Алғашқы сот отырысына журналистерді кіргізбеді. Олар басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отырды. Сотқа айыпталушылардың барлығы қатысып жатыр. Олардың құқығын оннан астам адвокат қорғап жатыр.

46 жастағы Жомарт Ертаевты былтыр мамырда Ресейде сол елдің қауіпсіздік органы қызметкерлері ұстаған. Қазан айында сот оның қамау мерзімін ұзартқан.

Қазақстан билігі Жомарт Ертаевты «қазақстандық Bank RBK директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам қарыз алып беруге және оны қайтармауға көмектескен» деп айыптайды.

Бұған дейін прокуратура Ертаевпен бірге бұл іс бойынша 54 азаматтың «қаржы жымқыруға қатысы бар» деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған. Оның 41-і – банктің топ-менеджері мен қызметкері. Бірақ кейіннен айыпталушылардың саны 37 екені хабарланды.

Былтыр мамырда ресейлік БАҚ-та жарияланған үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, ол банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын мәлімдеген. Ресейлік «Коммерсантъ» газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана мен сол елдің азаматтығын сұрағанын хабарлаған. Ол «саяси астармен қудалауға түскенін» айтқан.

Қаңтардың басында Ресей ақпарат құралдары Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарғанын хабарлаған.

Жомарт Ертаев бұған дейін Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып «бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу» және «банк қаржысын заңсыз пайдалану» деген баптарға ауыстырылған.

Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев «Алма ТВ» компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз