Алматыда букмекерлік кеңсені 40 секундта тонап кеткен — Тосын жай
Алматыда 2 тәулік ішінде (29 қараша — 1 желтоқсан) букмекерлік кеңселерге үш рет қарулы шабуыл жасалған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жетісу ауданындағы букмекерлік кеңсеге жасалған шабуылдың видеосы камераға түсіп қалған. Видео кадрларында медициналық бетперде кигендердің кеңсеге баса-көктеп кіргенін көруге болады. Олардың бірінің қолында тапаншаға ұқсас зат болған, ал екіншісі сол сәтте кассаға секіріп өтіп, ақшаны алып жатады. Осының барлығы 40 секундта болған.
Алматы қалалық Полиция департаментің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл оқиға 30 қарашада болған.
Ведомстводағылардың мәліметінше, 29-нан 30 қарашаға қараған түні Бостандық ауданындағы букмекерлік кеңсе тоналған, ал келесі күні Медеу ауданындағы кеңсе тоналған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы — миллион теңге.
«Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары ұсталды — 1991 және 1995 жылғы. Біріншісі Шымкенттен ұсталды, ол Өзбекстанға қашып кетпекші болған. Екіншісі Отардан ұсталды, ол да Қордайда шекара арқылы Қазақстаннан қашып кетпекші болған. Төрт адам шабуыл жасаған. Қалған екеуі әлі ұсталған жоқ», — деп хабарлады полициядағылар.
Қазіргі уақытта екеуі қамауда, ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша («Қарақшылық») сотқа дейінгі тергеу басталды.