Алматыда бір топ адам полицейлерге бас салды

0

Масаң күйдегі кісілерді полиция бөліміне жеткізу кезінде олар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Алматы қаласында карантиндік режим кезінде үйдің ауласында ішімдік ішкен бес адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әуезов ауданына қарасты бірінші шағын аудандағы үйлердің ауласын күзетіп жүрген учаскелік инспекторлар арақ ішкен бір топ ер адамды байқайды. Олар балалардың ойын алаңқайында көңілді отырыс ұйымдастырған. Мұндай әрекеттің карантин режиміне қайшы екенін ескерткен полицейлерге азаматтар дөрекілік танытады.

«Масаң күйдегі кісілерді полиция бөліміне жеткізу кезінде олар тәртіп сақшыларына бағынбаған. Көрсеткен қарсылығына қарамастан, бұзақылар ұсталды. Қазір олар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кінәлілер заң бойынша тиісті жазасын алады», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.

Оның айтуынша, ұсталғандар қылмыстық кодекстің 379-бабы (билік өкіліне бағынбау) мен 380-бабы (билік өкіліне қарсы күш қолдану) бойынша жауапқа тартылады.



sputniknews.kz