Алматыда бір аяғынан айырылған кейуана такси жүргізіп, бір отбасын бағып отыр

0

Алматыда Хатира Сайдахметованы жергілікті тұрғындардың көбі таниды, әсіресе такси қызметін жиі пайдаланатындар. Жеке көлігімен жолаушы тасып күнелтіп жүрген әйел үшінші топтағы мүгедек, бір аяғынан айрылған. Соған қарамастан, үш жылдан бері мемлекеттің жәрдемақысына қол қусырып қарап отырған жоқ, бүтін бір отбасын жалғыз өзі асырап келеді, деп хабарлайды Азаттық Рухы сайты.

50 жастағы Хатира апай Өзбекстаннан 2006 жылы көшіп келген. Содан бері түрлі жұмыс істеп көріп, ақыры такси қызметін тұрақты кәсібіне айналдырыпты. Өзі Алматы іргесіндегі Береке ауылында тұрғанымен, күн сайын қалаға келіп, 12 сағат бойы жолаушы тасиды.

Тауық етін сатып үйлі болған

Хатира Сайдахметованың күйеуі Қырғызстан азаматы болған. Қазақстанға келерде екеуінің жолы екіге айрылыпты. Қазір өзімен бірге 80-ге келген анасы мен 9-сыныпта оқитын қызы бар. Үлкен қызы тұрмыста. Кішісі мектептен келгенше Хатира апай үйіндегі анасына қарайды, түстен кейін жұмысқа шығып, үйге түнгі 2-3 шамасында оралады екен.

«Яндекс такси» сервсиімен жұмыс істеп жүргеніме 3 жылдан асты. Алматыға іргесіндегі ауылдан күніге қатынаймын. 2006 жылға дейін отбасыммен Өзбекстанда тұрдым. Қазақстанға келгеннен кейін Алматы базарларында сатушы болып жұмыс істедім. Кейін «барахолкадағы» біз отыратын орындар жабылып, жұмыссыз қалдым.

Базарда жұмыс істеп жүргенімде аялдаманың қасынан өткен сайын тауық етін (гриль) сататындарды көретінмін. Табыстың жақсы екенін айтатын. Сол жердің басшылығына кіріп, рұқсат алып, кішігірім өз ісімді бастадым. Тауық етін пісіріп сатып жүргенімде, керек-жарағын алу үшін үнемі автокөлік қажет болды. Такси жалдаудан қиналғаннан кейін жүргізуші куәлігін оқып алдым. Шүкір, тауық сатудың арқасында жер алып, үй салдық. Кейін ол кәсіпті де жабуға тура келді. Одан кейін үш ай бойы тігіншіліктің оқуын оқып, тігінші болып жұмыс істедім. Айлығымды бір беріп, бір бермей кешіктергеннен кейін, жұмыстан шығып кеттім. Тігінші болып жүргенімде демалыс күндері қаланың білетін жерлеріне адамдарды жеткізіп тастап жүретінмін. Күндіз жұмыста кешке таксиде жүрдім», — дейді ол.

Бір айдағы ең үлкен табысы – 400 мың теңге

Таксиден тапқан табысына көңілі толған Хатира апай кәсібін толығымен осы салаға ауыстырған. Мініп жүрген көлігін жалға алғандықтан, демалыссыз тәулігіне 12 сағат бойы жұмыс істейді.

«Бір күні таныстарымның бірі Яндекс такси сервисін пайдалануды ұсынды, табысы жоғары екенін айтты. Алғашында қаланы білмейтінімді айтып, қорқақтап жүрдім. Бірақ, бүкіл қала картада екенін көргенде тәуекелге бел будым. Қазір енді осы көліктің арқасында отбасымды бағып отырмын. Басқа жұмыстың бәрін тастадым, маған керегі осы екенін түсіндім.

Көлікті жалға алғандықтан мүлдем демалмаймын. Жалдың күндік ақысы – 11 мың теңге. Яндекстің ұстайтын пайызы бар. Соның бәрін алып тастағанда өзіме таза 2,5 – 3 мың теңгедей қалып отырады. Кейде одан көбірек болады. Әсіресе, мереке күндері тапсырыс өте көп. Ең мол табысым Жаңа жыл қарсаңында болды, сол айда тапқан табысым 400 мың теңгеге жетті. Күніне шамамен 20-30 клиент тасимын, барлығы тапсырысқа байланысты», — дейді Хатира Сайдахметова.

Сурет: Азаттық Рухы

Оның сөзінше, Алматыда такси жүргізетін әйелдер аз емес. Әсіресе пандемия кезінде отбасын асырау үшін көліктің тізгініне отырған нәзік жандылар саны артқан.

«Бұрын клиенттердің көбі имаған таңырқай қарайтын. Өйткені, Алматыда такси жүргізетін әйелдер өте аз еді. Оның үстіне, мен көлікті бір аяқпен жүргіземін, жолаушылар бұған таңданып, үнемі жылы лебізін білдіріп жатады. Кейде сұрақтың астына алатындары болады. Мен де олармен әңгімелесуді жақсы көремін. Бірақ, қазір әйел адамның такси жүргізетініне ешкім таңданбайтын болды. Өйткені, пандемия кезінде көлік тізгіндеп, отбасы асырап жүрген қыз-келіншектер көп. Карантин көп адамды табыссыз қалдырды», — дейді такси жүргізушісі.

Абайсызда пойыздың астына құлап, аяқсыз қалған

Хатира Сайдахметованың 1996 жылдан бері мүгедектігі бар. Өзбекстанда сауда-саттық жасап жүріп, жүк пойызының астына құлап, бір аяғынан айрылған. Қазір протезбен жүреді. Бірақ, мұндай ауыр жағдайдың өзі Хатира апайды «сындыра» алмаған. Бастысы ақылым сау, екі қолым бүтін деген әйел өзіне ыңғайлы кәсіпті тез меңгеріп алады. Тіпті, ауыр жұмыстан да ешқашан қашқан емес.

«Өзбекстанда сауда-саттықпен айналыстым. Жеміс-жидек, көкөністер сататынмын. Сондай бір күндері жүк пойызына жеміс-жейдек толған қаптарды жинап жүріп, байқаусызда пойыздың астына құлап кеттім. Пойыз бір аяғымды басып өтіп, аяғымнан айрылдым. Қазір мүгедектігім үшін мемлекет тарапынан 33 мың теңгедей жәрдемақы аламын. Бірақ, карантин уақытында несиемді төлей алмай, пайызын өсіріп алғаным үшін банк шотымды бұғаттап қойған. Қазір жәрдемақымды қолыма ала алмай отырмын», — дейді Хатира Сайдахметова.

Арманы – жылыжай салып, бағбан болу

Хатира апай өмір бойы такси жүргізіп жан баққысы келмейді, ол қазір кәсібін өзгертуді жоспарлап жүр. Басты арманы – қарыздарынан құтылып, қызын оқуға түсіру. Ол үшін табысты арттыру керек. Сондықтан, алдағы уақытта кішігірім жылыжай ашып, жеміс-жидек, көкөніс екпекші.

«Дәл қазір менің қолымнан келетіні – такси жүргізіп ақша табу. Қызметтің көбі қазір автоматтандырылған, басқа жұмыс істеу үшін компьютер тілін үйренуім керек. Оған уақытым да, қаражатым да жоқ. Сондықтан, банк алдындағы несиемді жауып алғанша таксидемін. Одан кейін үйімнің ауласына жылыжай салып, бау-бақша өнімдерін өсіріп сатпақпын. Бастапқы салымына ақша тапсам, ары қарайғы жұмысы қолымнан келеді. Тек денсаулық сыр бермесе болғаны. Тезірек пандемия аяқталып, қалыпты өмірге келсек, алға қойған мақсатымның бәріне жетемін», — деп сөзін түйді алматылық такси жүргізушісі.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан