Алматыда белсенділер қаралы митингіден кейін прокуратураға барды

0
6

27 ақпанда таңертең Алматыда Республика алаңында белсенді Дулат Ағаділді еске алып, қаралы митинг өткізген ондаған адам түс кезінде қалалық прокуратура ғимаратына барып, қала прокурорының шығуын талап етті. Олар қала прокуроры халық алдына шығып, Дулат Ағаділдің жұмбақ өліміне байланысты сұрақтарға жауап берсін деді. Бұған қоса, Лобачевский көшесіндегі уақытша қамау изоляторында бейбіт жиынға байланысты әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған белсенділерді (олардың дерегінше, 18 адам) босатуды талап етті. Олар «Прокурор шықсын!», «Бостандық!» деп айқайлады.

Сәлден соң қала прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев шығып, жұртты ішке кіріп, сөйлесуге шақырды. Бірақ халық бас тартты.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин 22 ақпанда «конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт митингіге шықпақ болған» белсенділердің заңсыз қамауда отырғанын айтып, олар бостандыққа шығуы тиіс деді.

«Сендердің міндеттерің – қылмыскерлермен күресу. Өздерің заң бұзып отырсыңдар. Бұл белсенділер ештеңені бүлдірген жоқ. Олар бостандыққа шықсын. Осы сияқты заңсыздықтар жалғасып жатқандықтан халық ашулы. Халықтың шыдамы шексіз емес» деді Жасарал Қуанышәлин прокуратура өкіліне.

Ал қала прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев:

– 18 адам сот шешімімен қамалған, егер келіспесе, апелляцияға бере алады. 15 адам апелляциялық шағым түсірді, – деп жауап берді.

Жұрт «адамдарды неге ұстайсыздар, қамайсыздар?» деп жан-жақтан шулады. Олар қала прокурорының шығуын талап етті.

Бұдан соң Тілеубердиев ішке кіріп кетті. Прокуратураның тағы бір өкілі шығып, азаматтардың «заңсыз жиналып тұрғанын» айтып ескертіп, тарау қажеттігін айтты. Ал белсенділер кешеден бері қала прокурорының шығуын талап етсе де, халықтың талабына құлақ аспай отырған прокуратура өкілдерін сынады.

«Біздің әрқайсымыздың прокуратураға келіп, шағымдануға құқығымыз бар. Бұл жерге қиратайын деп келген жоқпыз, өз құқымызды талап етіп келдік» деді жиналғандардың бірі Асылбек Қараев.

Түскі сағат 13:30 шамасында белсенділер тарамай тұрды. Олардың кейбірі қала прокуроры шықпайынша бұл маңнан кетпейтінін айтты.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq