Алматыда Батырхан Шүкенов атындағы музыкалық байқау өтеді

0

Байқауда бес номинация бар: флейта, гобой, кларнет, фагот және саксофон. Іс-шараны «Батырхан Шүкенов атындағы Қор» «Болат Өтемұратов Қорының» қолдауымен ұйымдастырып отыр. Еске сала кетсек, «Батырхан Шүкенов атындағы Қор» қоғамдық қоры 2015 жылы құрылған, 2018 жылдан бастап қорды музыканттың отбасы басқарады. Қамқоршылық кеңеске әншінің бауыры Бауыржан Шүкенов жетекшілік етсе, қордың директоры болып   Наргиз Шүкенова бекітілген. Қор мәдениет пен өнерге байланысты жобаларды жүзеге асырады, сондай-ақ Алматы қаласының зияткерлік ортасын кеңейтіп, көркейтуге бағытталған.

Сонымен биылғы байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамы да анықталды. Олар: Николас Краузе – «Жаңа Еуропа» оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Франция; Кристиан Элин – саксофоншы және композитор, Германия; Николай Попов – флейташы, халықаралық байқаулардың лауреаты, П. И. Чайковский атындағы Үлкен симфониялық оркестрдің орындаушысы, Ресей; Аким Мухатжанов – Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филормониясының үрмелі оркестірінің бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері; Таңатар Нұралы – гобой класы бойынша Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры,

Казақстанның еңбек сіңірген әртісі және Жанат Ерманов – кларнет класы бойынша Құрманғазы атындағы Ұлтық консерваторияның профессоры, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері.

Музыканттарды іріктеу оңайға соққан жоқ. Байқаудың бірінші кезеңінде 43 үміткер бақ сынады, іріктеу сыны үшін орындаушылар алдын-ала аспапта ойнаған  бейнежазбаларын жіберді. 32 жасқа дейінгі кәсіби орындаушылар, сондай-ақ кіші және жоғары дәрежелі музыкалық оқу орындарының студенттері қатысқан келесі кезеңге 28-і ғана жіберілді. Қазылар алқасының мүшесі Әкім Мұхатжанов байқаудың кәсіби деңгейі туралы: «Қатысушылардың құрамы өте күшті, менің ойымша, байқауға өз кәсібінің ең үздік өкілдері қатысып отыр. Алда әлі екі  кезең бар, бұл музыканттардың өздерін көрсету, әртістік, ансамбльде және солода ойнау қабілеттерін таныту үшін тамаша мүмкіндік», – деп түсіндірді.

Байқаудың мақсаты – ұлттық үрмелі аспаптардың орындаушылығына назар аударту. Оның маңыздылығын Жанат Ерманов та атап өтті: «Өкінішке қарай, сонау 1990 жылдары қайта құру басталғаннан бері өнердегі көптеген жарыстар жойылып кетті. Бүгінде Астанада бір ғана байқау бар, ал Қазақстанның үрмелі мектебінің 50 жылдық тарихы бар екенін ескерсек және студенттер мен жас орындаушылар санының жеткілікті екенін еске алсақ, бұл, әрине, тым мардымсыз. Сол себепті Батырхан Шүкенов атындағы конкурс дәстүрге айналса, музыканттарға өздерін көрсетіп қана қоймай, жаңа көкжиектен көрінуге, көрнекті орындаушылардың алдында өнер көрсетіп, бағасын алуға  мүмкіндік туатын еді» дейді.

Байқау бағдарламасы төрт күнге жоспарланған.  Алғашқы күні, 26 қарашада, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен залының сахнасында байқауға қатысушылардың өнер көрсету тәртібі анықталады.

Екінші айналымда, 27 және 28 қараша күндері қатысушылар ансамбльдің (квартеттің / квинтеттің) бір бөлігі ретінде және  жеке орындауда өнер көрсетуге тиіс. Бұл кезеңнің алғышарттарының бірі – Қазақстан композиторларының шығармаларын орындау.

Финалда музыканттар Моцарттың немесе Глазуновтың концертін ойнауға тиіс, оларды «Камерата Қазақстан» оркестрі мен осы кеште дирижер ретінде өнер көрсететін Николай Краузе сүйемелдейді. Танымал отандық топ екі рет – үшінші кезеңде және 30 қарашадағы жабылу салтанатындағы гала-концертте сахнаға шақырылатын болады.

Үрмелі аспаптар орындаушыларының бірінші республикалық конкурсы жеңімпаздарының есімдері 30 қарашада жарияланады. Әр номинацияда І, ІІ, ІІІ дәрежелі жүлделер, сондай-ақ дипломанттардың дипломдары мен марапаттары табысталып, «Үздік сүйемелдеуші» анықталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 5 250 000 теңгені құрайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ