Алматыда барлығы қанша медицина қызметкері вирус жұқтырғаны белгілі болды

0

Орталық қалалық клиникалық ауруханада 215 пациент емделіп жатыр. Олардың 18-і індетке шалдыққаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Қазіргі жағдай бойынша Алматы қаласында барлығы 218 медицина қызметкерінен коронавирус табылды. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Соvid-19 вирусын жұқтырған медицина қызметкерлерінің жалпы саны 218 адамды құрайды», — деді Әбілдаев онлайн брифингте.

Соның ішінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың 182 қызметкері, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 30 маманы, Жедел шұғыл медициналық жәрдем станциясының 2 қызметкері, №1 қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері және №11, 32, 12 қалалық емханалардың бір-бір қызметкері бар.

Оқи отырыңыз: Алматының бас дәрігері кабинетінде түнеп жүр 

Айтуынша, қазір Орталық қалалық клиникалық ауруханада 215 пациент емделіп жатыр. Олар коронавирусқа анализ тапсырған. 18 науқастың індетке шалдыққаны анықталды.

Бұған дейін дәл осы аурухананың бас дәрігері қызметінен кеткені хабарланған еді. Оған себеп – медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруы.



sputniknews.kz