Алматыда «Бақытыма сенемін» атты көрмесі ашылды
Таяуда ғана болған Азаматтық форумда Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты газетімізде жарық көрген мақаласында белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады,- деген еді Елбасы өз сөзінде.
Шара мақсаты да мұқтаж жандардың қордаланған мәселелеріне халық назарын аударту, оларға әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру және қоғамда жалпы қабылданған стереотиптерді бұзу, мүмкіндігі шектеулі балалар да өз талабы мен мүмкіндіктері бар балалар екенін көрсету. Физикалық даму ерекшеліктеріне қарамастан, олар талантты және креативті, спортта және шығармашылықта өздерін толық көрсете алады, тіпті кейде өз қатарластарын басып озады да. Балалар кесте тігеді, сурет салады, тоқыма тоқиды, мүсіндер жасайды Бұл өз кезегінде өзін-өзі жетілдірудің ешбір шегінің жоқтығын дәлелдейді: «Мүмкіндіктер – шектеулі, қабілет — шексіз». Акция осы балаларға аяушылық білдіру мақсатында емес, керісінше олардың да қоғамның бір мүшелері екенін еске салуды ойландырғандай болған әдемі кеш болды,сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қорғау мен көмек қолы қажет екендігін де ұмытпаған жөн екенін сезіндіргендей әсерде қалдырды. Аталмыш шара мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты өмірге бейімдеуге бағытталды, негізгі топ ретінде Алматы қаласындағы түрлі сырқатты 80 мүгедек бала шақырылды.
Бұл іс-шара аясында қызықты концерттік бағдарламада: Жанна Орынбасарова, Айжан Нұрмағамбетова, Жәмила Серкебаева, Венера Нигматулина, Антон Митнев, Нина Жмеренецкая, Парвиз Назаров, Аида Аюповалар ән орындап, музей бойынша экскурсия, сыйлықтар тапсыру, сондай-ақ акция қатысушылары мен шақырылған балалардың қолдан жасалған бұйымдары көрмесі өткізілді.
Көрмеде 10-16 жас аралығындағы балалардың әртүрлі техникада орындалған: ағашты ою, мүсіндеу, кесте тігу, бисермен және ілмек бізбен тоқу, дәндерден аппликация және басқа да таңғажайып жұмыстары ұсынылды. Әр баланың көрмеге атсалыса қатысуы оның мүмкіндіктерін ашуға көмектесті деп ойлаймыз. Танымал әншілер концертінен кейін бір көңілденген бүлдіршін балалар өздерінің бақытты болашағына үлкен сеніммен қайтты.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ