Алматыда Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арналған конференция өтуде

0
26 Қараша 2018, 13:14 26 0

Фото: автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арналған «Баққожа Мұқай шығармашылығындағы ұлт болмысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Алқалы жиынды ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, елімізде қазақ авторларының шығармаларын талдау арқылы, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған.

Конференцияның ашылуы кезінде профессор, ҚР ҰҒА академигі Уалихан Қалижанов алғы сөз сөйлеп, жазушының еңбектеріне тоқталып өтті.

«Бүгінгі алқалы жиында Баққожа Мұқайдың жазушылық шеберлігі, оның көркем сөздері, әдебиетте алатын орны тұралы баяндамалар болады. Баққожа Мұқайдың әдеби шығармашылығының ұлт руханиятынан алатын орны ерекше. Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Жазушының көркем туындылары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылды. Баққожа Мұқай шығармасының ең бір өнімді саласы драматургия еді», — деді ол.

Сонымен қатар, ғылыми конференция жұмысына жазушының қаламгер достары, әріптестері, еліміздің белгілі жазушылары мен журналистері қатысып, оның өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты.

«1960-шы жылдардағы әдебиет өкілдері жалпы қазақ прозасына, қазақ поэзиясына, қазақ әдебиетіне төңкеріс жасаған ұрпақ екенін сіздер жақсы білесіздер. Сол дәстүрді ары қарай жалғап әкеткен жаңа буынның алғашқы талантты өкілдерінің бірі осы Баққожа Мұқай болды деп ойлаймын. Бізде тарихи романдар көп, бірақ сол тарихи дүниенің өзін басқаша көзқараспен және өзгеше стильмен жазудың алғашқы үлгілерін көрсеткен осы Баққожа еді. Ең соңғы шығармасы «Өмірзая» қазақ әдебиетіндегі тәуелсіздікпенен арғы Кеңестік дәуірдегі проза жанрындағы дәстүрді жалғастырған шығарма деп ойлаймын», — дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының міндетін атқарушы Кенжехан Матыжанов.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Нұрлан Оразалин жазушының әдебиетке төккен терінің өлшеусіз болғанын және оның шығармалары әлі күнге дейін үлкен сұранысқа ие болып отырғанын жеткізді.

«Қалың-қалың романдардың дүниеге келуі, «Өмірзая» атты атақты романның Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы, «Иірім» деген прозалық дүниесінің оқырманның көңіліне барып қонуы және өзі туып-өскен өңірі туралы жазған атақты «Жалғыз жаяу» деген дүниесінің бәрі көлемді. Мұның барлығы Баққожаның қазақ прозасына селтеусіз қызмет еткені деп білемін. Баққожа прозада қалай сәтті еңбек етсе драматургия жанрында да басыбайлы бүтін жақсы дүниелер берді. Баққожаның пьесалары 1970 жылдары репертураға қалай кірсе әлі күнге дейін өзінің көркемдік сапасын әлсіретпей, көрерменнің сұранысына жауап беріп келе жатыр»,- дейді ол.

Баққожа Мұқай — 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1971 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

«Коммунизм нұры» (қазіргі «Хантәңірі») газетінде еңбек жолын бастап, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. ҚР Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында Бас редактор, бас басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырып, басшылық жасады. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. Бірнеше медальдармен марапатталған. 1995-2008 жылдары «Парасат» республикалық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болған.

Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, «Қош бол, менің ертегім», «Сергелдең болған серілер», «Дүние кезек», «Заманақыр», «Тоят түні», «Өмірзая», «Тойы көп үй» атты оннан астам драмалық шығармалары Қазақстан және шет ел театрларында қойылып келеді.

Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы (1982), Қырғызстан Республикасының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы (1995), «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген (2000). «Құрмет» орденінің иегері (2006).


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ