Алматыда баласын жетектеген әйелді көлік қағып кетті, полиция іс қозғады
Тамыздың 10-ына қараған түні Алматыда бес жасар баласын жетектеген 23 жастағы әйелді көлік қағып кеткен. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті хабарлады.
Куәгерлер сөзіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, көлік балалы әйелді жолды ортасынан бөліп тұрған жолақтан қаққан. Оқиға Алматының солтүстігіндегі Боралдай көшесінде болған. Жеңіл көлік иесі оқиға орнынан кетіп қалған. Жедел жәрдем көлігі келгенге дейін әйел мерт болған. Баланы шұғыл ауруханаға жеткізгенмен бірнеше сағаттан соң көз жұмған.
Полиция департаменті «екі адамды көлікпен қағу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. Полиция күдіктінің аты-жөні анықталғанын айтты. Алдын ала дерек бойынша, ол Алматы облысы Іле ауданының 32 жастағы тұрғыны.
«Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы (345-бап) бойынша іс қозғалған.
Ресми дерек бойынша, жыл сайын Қазақстанда шамамен 10 мың адам жол апатынан қаза табады. Жол апатының көптігін кейбір мамандар жол ережесін сақтамау, жол сапасының нашарлығымен байланыстырады. Еуроодақтың статистикалық қызметі дерегінше, Қазақстан жол апатының көптігі жағынан әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына кіреді.