Алматыда Азаттық тілшісі Петр Троценконы босатты
Алматыда Азаттық тілшісі Петр Троценконы босатты. Оны полиция 9 маусымда таңертең Астана алаңындағы азаматтардың наразылығынан хабар таратып жүрген кезінде ұстаған. Құжаттарын көрсеткеніне қарамастан автозакқа отырғызып, бөлімшеге апарған. Бір сағаттан соң босатқан.
— Журналист екенімді қанша рет қайталасам да өзге ұсталғандармен бірге алып кетіп, сұрақ-жауап алды. Сосын штаттық киім киген ер адам «Троценко деген кім ол?» деп сұрады. Мен деп айттым. Сосын мені босатты. Полиция формасын киген ер адам «неге бірден журналистпін деп айтпадың?» деп сұрады. Мен қайта-қайта айтқанымды жеткіздім, бірақ мені тыңдаған жоқ, — деді Петр Троценко.
Бүгін полиция Нұр-Сұлтанда наразылықтан хабар таратпақ болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен, Алматыда AFP тілшісі Крис Риклтон, Vlast.kz сайтының қызметкері Екатерина Суворова және Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері Дмитрий Тихоновты ұстаған еді. Түскі 15:30 шамасында Тойкен, Суворованы полицияның босатқаны белгілі болды.
Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритман Twitter-дегі аккаунтында «кәсіби міндетін атқарған» журналистердің, «бейбіт жиын өткізу құқығын пайдалануға тырысқан» азаматтардың ұсталғанын мәлімдеді.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.
ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.