Алматыда атыс болып, ер адамның аяғына оқ тиді — Қазақстан жаңалықтары
Алматыда ер адамдар атысып, біреуі аяғынан жараланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жағдай кеше кешкі сағат 21:00 шамасында Қазыбек би –Мұқанов көшелерінің қиылысында болған.
Куәгерлердің айтуынша, техника сататын дүкеннің қасында белгісіз адамдар атысқан. Бір адам аяғынан жарақат алды.
«Мен дүкен аралап жүрген едім. Кенет сыртта 3 рет оқ атылды. Жараланған ер адамның әйелі шұғыл жедел жәрдем шақырып жатты. Атысқан адамдар бір-бірімен таныс па ол жағын білмеймін», — деді оқиға куәгері Гүлзат Рымбаева.
Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсінік берді.
«Жұмалиев көшесінде орналасқан дәмханалардың бірінде отырған екі адам сөзге келіп қалған. Оның арты жанжалға ұласып, олардың бірі 37 жастағы жігітке пышақ салған. Сол сәтте екіншісі травматикалық тапанша алып оқ атқан. Оқтың бірі көшемен өтіп бара жатқан 28 жастағы жігіттің аяғына тиген. Қазір төбелеске қатысқандар ұсталды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлімімен тергеу амалдары басталды», — деді ПД баспасөз қызметінен.
stan.kz