Алматыда ақын Мұрат Шаймаранның шығармашылық кеші өтті (ФОТО)
Алматы қарашасының соңғы жұмасы, кеше Қазақстан Жазушылар одағында ақын, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толған мерейтойына орай «Талпынған шалғайға шайырдың жаны – құс» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек болып, Алтай мен Атыраудың арасындағы белгілі қалам ұстаған зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан кеш болды. Олай дейтініміз Маңғыстаудан Светқали Нұржан, Маңғолиядан Сұраған Рахметұлы, Семейден Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Өскеменнен Қалқаман Сарин арнайы келді.
Бұдан бөлек кешке қазақтың белгілі ақын-жазушылары: Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдеш, Есенғали Раушанов, Ақберен Елгезек т.б және жас ақындар, ақынның оқырмандары мен туған-туыстары қатысты. Кеш тізгінін ақын Бақыт Беделханұлы ұстады.
Ақын Жәркен Бөдеш ақын мерейтойы үшін арнайы ауруханадан сұранып келгенін айтып ағынан жарыла ақ тілегін білдірді.
Кеш шымылдығын ашқан Есенғали Раушанов бұл той тек Мұрат Шаймаранның емес,поэзияның тойы екендігін, қазақтың тойы екендігін айтып мерейтой иесіне шапан жапты.
Осыдан соң ҚазҰУдың филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы және журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы сөз алды.
Қара шаңырақ Ұлттық университеттегі журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы алдымен Мұрат Шаймарандай ақынды өмірге әкелген ата-анасына рахмет айтты.
– Мұратты біздің факультетте ақын ғана емес азамат ретінде де таниды. Мұратты ақын қылған қазақ елі Мұраттай ұлдарымен бақытты деп ойлаймын. Оның азаматтығын студенттер де жақсы біледі. Айналасынан жастар шүпірлеп кетпейді», – деді.
«Ер Жәнібек» қорының басшысы Жеңіс Түркия мерейтой иесін құттықтап, Оспан батырдың портретін сыйлады.
Ал Мұрат Шаймаранға арнап өлеңін оқыған “Бақкелді – 2012” ЖШС-нің директоры, сазгер және дәрігер Толқын Аханұлы бүгінгі мерейтой иесіне темір тұлпар сыйлады.
Бүгінгі кеште Мұрат Шаймаранның “Жасыл түн” атты кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын кесу үшін сахнаға аға буын өкілдерінен – Қабдеш Жұмаділов, Жаркен Бөдешұлы және Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, орта буыннан – Есенғали Раушанұлы, Светқали Нұржан және Сұраған Рахметұлы, кейінгі буын ақындарынан Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин және Қуаныш Дәлей шықты.
Алғаш боп сөз алған Қабдеш Жұмаділов Мұрат Шаймаранның “бойына біткен ақындық алдымен туған жері – Майлы-Жайырдың топырағы мен қасиетті суынан” екенін атап өтті.
– Мұрат сирек жазады, бірақ жұмыр жазады. Қазақтың асыл сөзі дарыған. Емін-еркін, төгілтіп жазады. Мұндай қасиет Мұқағалиде бар еді. Шығар биігі әлі алда, – деді халық жазушысы.
Ал Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бүгінгі залдың толып отырғандығына қуанышты екендігін жеткізді.
– Қазақ ежелден ақын халық. Кейінгі жастар әдебиетке толқын-толқын болып келіп жатыр. Бұл мәңгілік ел болатындығымыздың белгісі. Некрасов айтты деген сөз бар: “Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың” деген. Біз қазақ өзі өзге жұрттың сөзін қатты қадірлейтін халықпыз. Ол дұрыс емес. Менің ойымша: “Алдымен ақын болу керек. Мұрат бауырымның ақындығы жоғары болғандықтан да азаматтығы жоғары, – деді ол.
Маңғаз өлке Маңғыстаудан арнайылап ат терлетіп келген ақын Светқали Нұржан:
– Мен мына Мұрат деген жігітті өмірімде осымен екінші рет көріп тұрмын. Былтыр Астанадағы форумда 5 минуттай тілдестік. Бірақ інімді туғалы білетін сияқтымын. Бір кісілер айтып жатады “Қытайдан келген қазақтың екінің бірі ақын” деп ол заңдылық. Қазақтың таза рухы сақталған жер сондай болады. Абайдың айналасын қараңызшы бәрі де ақын ғой. Абай мен Шәкәрім шыңға шығып кеткесін басқалары көрінбей қалған. Сол қазақи қалыпты арғы беттен алып келген ақындарымыздың маңдай алдысы, айқасқасы осы Мұрат бауырымыз деп есептеймін. Той ұзағынан сүйіндірсін, – деп мерейтой иесіне арналған өлеңін оқып берді.
Ал ақын Қалқаман Сарин Өскемен әкімі Жақсылық Омардың сәлемін жеткізді.
Тұсау кесерден соң Мұрат Шаймаранның өлеңінен тұратын композициялық қойылым қойылды. Өлеңді Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының актерлерінен бөлек, поэзияда жүрген Жақсылық Қазымұратұлы, Әріби Дауыл, Досхан Жылқыбай сынды жастар да оқыды.
Ақын өз оқырмандарының ортасында.
Кеш соңында сөз алған Мұрат Шаймаран бәріне алғыс айта отырып, көпшіліктің алдында “көк тумыз желбірей берсін, қазақ өлеңі өлмесін. Ешқашан өлеңге кір қоспауға, дақ түсірмеуге ант етемін» деп ақжарма пейілін білдірді.
Сондай-ақ ақынның әкесі Шаймаран ақсақал елге ақ батасын берді.
Қосымша ақпарат: Мұрат Шаймаран – 1969 жылы дүниеге келген. 1988 жылдан 1993 жылға дейін ҚХР, ШҰАР Іле педагогикалық институтының қазақ тілі-әдебиеті факультетінде оқыған. 1993 жылы ҚХР, ШҰАР «Күйтін газетінде» бас редактор болып қызмет атқарған. 1996 жылдан 1998-ші жылға дейін ҚХР, Нәнжин қаласында Қытай Халық университетінің журналистика институтында (сырттай) магистрант бөлімінде оқыған. 2000 жылы ҚХР, ШҰАР журналистер одағы тарапынан «Үздік әдеби редактор» мәртебесіне ие болған. 2004 жылы атамекені –Қазақстанға бір жола қоныс аударған. Мұрат Шаймаран 2006 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің халықаралық журналистика кафдрасында оқытушы болып қызмет атқарады.
Ақын Мұрат Шаймаранның «Түнгі сарын» жыр жинағы. Фото: ақынның жеке мұрағатынан