Алматыда алаяққа алданғандар шу шығарды
Қысқа сілтеме алу
«Лидер» компаниясының директоры 37 миллион долларды қалтасына басып, өткен жылдың басында ұшты-күйлі жоғалған
НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Алматыда жиған-тергенін оңай жолмен еселеймін деп жер сипап қалған тұрғындар полиция департаменті ғимаратының алдында шу шығарды.
Тез байығысы келгендер екі жыл бұрын қыруар қаражатын «Лидер» деп аталатын компанияға тапсырған, деп хабарлады КТК.
Сатқан үйінің ақшасына дейін алаяқтардың қолына ұстата салған Лесбек Омашев оларға құдайдай сеніп қалғанын айтады. Өйткені аңқау жұрттың сеніміне кіру үшін компания өкілдері бастапқыда уәде етілген пайыздық үстемені беріп отырыпты.
«Бір жарым мың доллар салып бастадым. Бәрі дұрыс болды. Кассир, менеджер қыздар бір-екі айда қайтарамыз деген деді», — дейді зардап шегуші Лесбек Омашев.
Олар салымшылардың қаржысы биткойнға, сондай-ақ Абу-Дабидегі жол құрылысына инвестицияланады деп сендіріпті. Әрі құйылған сома көп болған сайын, табыс та өсетінін айтқан. Біреу мүгедек баласының еміне жинаған ақшасын салса, енді бірі кредит алған.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жүкті әйел жиырмаға жуық тұрғынды алдаған
«Өзім жұмыс істемеймін. Кредит алып салған болатынмын. Оны әлі төлеп жатырмын», — дейді Бауыржан Қайырғазы.
Жиналғандардың айтуынша, сол кезде жарнамасы жер жарған компанияға еліміздің түкпір-түкіпірінен 5 мыңнан аса адам алданған. Олар салған ақшаның жалпы сомасы 37 миллион доллар көрінеді. Осынша қаражатты қалтасына басқан компания директоры өткен жылдың басында ұшты-күйлі жоқ болған. Жұрт оның Рустам Тұрғанов есімді азамат екенін айтады. Болжам бойынша, ол Абу-Дабиге қашып кеткен. Күдікті алғашында жұртқа өзінің де алданғанын айтыпты.
«Мен де жалдамалы адаммын. Бірақ ешқандай жауапкершілік алмаймын, ақша төлемеймін деп қашып отырған жоқпын. Мойныма аламын. Құрылтайшы Ахметов Дидар», — дейді Тұрғанов бір жыл бұрын жолданған видеода.
Бірақ содан кейін Рустам Тұрғанов хабарсыз кеткен. Атышулы компанияның кеңсесі де жабылған. Сөйтіп салымшылардың полицияға шағым түсіруден басқа амалы қалмапты. Алайда олар былтырдан бері істің сағызша созылып жатқанын айтады. Компанияның бас есепшісі мен кассирінің күдікті деп танылмағанына наразы. Ал қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары олардан жауап алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, компанияның қызметкерлері іске куә ретінде қатысады.
«Тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті адам анықталып, халықаралық іздеу жарияланды. Ұсталған уақытта міндетті түрде абақтыға қамалады», — деп түсіндірді қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Алданған адамдардан арыз әлі де түсіп жатыр. Жұрт енді пайданы қойып, адал еңбектерімен тапқан өз қаржысын қайтарсақ дейді. Ал шетел асқан күдікті ұсталса, кемі 7 жылға сотталуы мүмкін.
sputniknews.kz