Алматыда актриса көз жұмған жол апаты: Марқұмдардың бірінің туысы тергеудегі шикіліктің шетін ашты
Алматының орталығыныда Mercedes Gelandewagen көлігінің себебінен болған жол апатына қатысты тың мәліметтер пайда болды. Актриса Шолпан Елгезекованың өліміне әкелген ЖКО кезінде қымбат көліктің жүргізуіші Ілияс Кар мас болмаған болуы мүмкін. Апаттан көз жұмғандардың бірінің туысы осылай дейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, ауыр жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді.
Апаттан көз жұмғандардың бірі Динара Хамитованың әпкесі Айдана Шаяхметованың айтуынша, таяуда жәбірленуші тарап сотқа жіберілген құжаттардың көшірмесін алған. Оның кейбір тұстары сұрақ туындатады, дейді ол.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, сараптама іс бойынша өтіп жатқан 34 жастағы Ілияс Кардың қанында алкоголь болғанын растамаған. Ал сараптаманың өзі 10 күннен астам уақыт жасалған екен. Сондай-ақ зерттеуге алынған қан жеткіліксіз болып, наркологиялық сараптама жасау мүмкін болмаған.
Алайда қалалық полиция департаментінің 11 қаңтарда берілген мәліметінде жүргізушінің мас болғаны айтылған еді.
Сонымен қатар бастапқыда полиция департаментіндегілер Gelandewagen жүргізушісі жол апатынан кейін тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған. Алайда, құжаттарда жүргізушінің полиция бөлімшесіне өзі келгені көрсетілген. Бұл үкім шығарған кезде үлкен рөл ойнайды, дейді марқұмның әпкесі.
Сондай-ақ, апаттан көз жұмған әйелдің әпкесі Ілияс Кардың тек 345, 347 баптарға сәйкес айыпталып отырғанын атап өтті. Ол күдіктіге Қылмыстық кодекстің 119-бабы да (Қауіпсіздікте қалдыру) қосылуы тиіс деп санайды. Айтуынша, тергеушінің бұл бапты қоспауына «апаттан кейін зардап шеккендерге сол маңда болған адамдардың көмекке келіп, жедел жәрдем шақыруы» себеп болған.
Өз сөзінде Айдана Шаяхметова аталған фактілер тергеудің әділ еместігі, салдарынан үкімнің де әділ болмайтыны туралы ойлауға себеп болатынын айтты. Осыдан кейін «айрықша бақылау» қалай жүргізіледі деген ойда қаласың, дейді ол.