Алматыда академик Сартаевты соңғы сапарға шығарып салды

0

15 желтоқсанда Алматыда академик Сұлтан Сартаевты соңғы сапарға шығарып салды. 92 жасында өмірден өткен ғалымды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі Ұлттық ғылым академиясында өтті. Жаназада академиктің қызы Раушан мен ұлы Рүстем және басқа да жақындары болды.

Рәсім кезінде Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, парламент пен жоғарғы сот өкілдері сөйледі. Сартаев Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерленді.

Сұлтан Сартаев – заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол Халықаралық қатынастар және құқықтану институтының ректоры, Қазақстан заңгерлері қауымдастығы президентінің орынбасары болған.

Академик Сартаев Қазақстан тәуелсіздігі декларациясының жобасын және Қазақстанның 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституциясын жасаушылардың қатарында болған. Академиктің 500-ден астам ғылыми еңбегі бар.

1992 жылы Сартаевтың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет жеке меншік оқу орны — Халықаралық қатынастар және құқықтану институты ашылып, 2007 жылға дейін жұмыс істеді. Академик өмірінің соңғы жылдары Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде профессор болды.

Azattyq