Алматыда адам өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адам ұсталды
Қысқа сілтеме алу
Күдікті қылмыс жасағаннан кейін бірнеше ай бойы қаладағы шағын қонақ үйлерде жасырынған
АЛМАТЫ, 3 сәуір — Sputnik. Алматы қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері адам өлтірді деген күдікпен бірнеше ай бойы іздеуде болған ер адамды ұстады.
Қылмыс 2018 жылдың желтоқсанында жасалған. 28 жастағы Алматы тұрғыны жанжал кезінде қарсыласын атып өлтіріп, полиция қызметкерлері келгенге дейін қылмыс орнынан қашып кеткен.
Содан бері күдіктіні іздеу тоқтаған жоқ. Полицейлер оның достары мен туыстары тұратын барлық мекен-жайды тексерді, бірақ ол ешқайсына келмеген. Бірнеше күн бұрын із кесушілерге ол Алматыдағы шағын және арзан қонақүйлердің бірінде жасырынып жатқаны туралы ақпарат түскен.
Жедел қызметкерлер жас жігітті бөлмеде отырған жерінен ұстады. Ол күмән туғызбау үшін әлсін-әлсін тұрғылықты жерін өзгертіп, үш айдан астам уақыт бойы осындай қонақ үйлерде жасырынып келгені анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу шараларына қатысып жатыр.
sputniknews.kz