Алматыда 800 млн теңге тұратын антиквариаттарды заңсыз тасыған топ ұсталды

0

2018 жылғы 5 желтоқсан 17:30 25

Алматыда 800 млн теңге тұратын антиквариаттарды заңсыз тасыған топ ұсталды

АЛМАТЫ, ҚазАқпарат — Алматыға зергерлік бұйымдар мен антиквариаттарды заңсыз әкелген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы мен Экономикалық тергеу қызметі бірлесіп, құны 800 миллионнан асатын құнды тауарларды заңсыз әкелген қылмыстық топтың жолын кесті.

Мекеменің мəліметінше, қылмыстық топты А.Г.Роговиков басқарған. Олар бес жыл бойы (2012 жылдан 2017 жылға дейін) Қазақстанға зергерлік бұйымдар, антиквариат және сәндік өнер бұйымдарын жасырын түрде жеткізіп отырған. Сонымен қатар, олар контрабандалық заттарды кедендік бақылаудан жасырып, жалған құжатпен өткізіп жүрген.

«Қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері мемлекетке 60 млн. теңге көлемінде (кедендік төлемдер мен салықтарды төлемеу түрінде) шығын келтірді. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-тармағына сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топты құруға байланысты 234-бабының 2-тармағының 3-бөлігінде көзделген экономикалық контрабандаға қатысты алдын ала тергеу жүргізілді», — деп хабарлады Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы.

Қылмыстық топтың басшысы 7 жылға, топтың екі мүшесі 4 және 5 жылға сотталды. Ал үшінші мүшесі 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тəркіленді.

Сот үкімі күшіне енді. 800 миллионнан астам теңгені құрайтын контрабандалық заттар мемлекеттік кіріске аударылды.

Таңшолпан Бегалықызы