Алматыда 8 айлық нәресте жүзуден спорт шеберіне кандидат атанды
3,5 айлық — 5 жасқа дейінгі балалар бассейн түбінен ойыншық алудан, сақиналардан өтуден, арқанмен жүруден, дем ұстаудан, тоннельден жүзіп өтуден жарысты.
Бәсеке нәтижесінде Қазақстанда бүлдіршіндер арасындағы жүзуден 9 спорт шебері, 13 спорт шеберіне кандидат пайда болды.
Ал нәрестелер арасындағы жүзудің нормативін 64 шақалақ орындап спорт шебері атанса, 79 нәресте спорт шеберіне үміткер болды. Жарыс жолына туғанына 3,5 ай болған Жәңгір Ахметжанов та шықты.
8 айлық Полина Малютина өз жасына адам сенгісіз нәтиже көрсетіп, нәрестелер арасындағы жүзуден спорт шебері атағын алды.
Ерекше бала, 1 жас 9 айлық Айдария Амангелді спорт шеберіне үміткер атанды. 20 метрлік қашықтықты 5 жастағы Артем Коняев — 20 секундта, Кирилл Бугаев 24 секундта бағындырды.
Айта кету керек, жарысқа мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысты. Олардың арасында өз нормативін Ермұхамет Қайырғалиев, Настя Семенова орындады.