Алматыда 30 мың теңге үшін жүргізушіні атып кетті

0

Алматыда тапа тал түсте жүргізуші мен экспидиторға оқ атылды. Дүкендерге азық-түлік тасып, қыруар ақшамен жүретін мамандар түстенбек болып жанармай бекетінің маңына тоқтаған. Тамақтанып отырған жерінде белгісіз біреу келіп, әй-шәй жоқ бірден мылтық тақап бірінен соң бірін ата жөнеліпті.

Сөйтіп, кассадағы бар ақшаны алып қашқан. Бытыра бірінің алақанына, екіншісінің қолтығының астына тиген. Бірақ, бұл туралы полиция департаменті ресми ақпарат бермеи отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оқиға кеше сағат 4 пен 5 ортасында жанармай автобекетінің артында болған. Түскі асын ішкен жүргізуші мен экспедитор демалмақ болыпты. Сонда белгісіз біреу келіп оқ атқан. Олардың қанының шашырағаны сонша бір күн өтсе де, қардың астынан қадам басқан сайын шығып жатыр. Ал, екі зардап шегуші қазір ауруханада. Олардың кассасынан 30 мың теңгені қаскөй алып қашқан.

Кешелі бері аулалары қоршалып, жауап алынып жатқан тұрғындар тапа талтүсте бір емес екі рет атылған оқтың дауысынан естігенлерін айтады. Кейбірі жұмыстан соң бүкіл көшені аралап, өз ауламызға әрең кірдік, дейді. Ал, таңертең жердегі қанды көріп тіпті шошып қалыпты. Айдың күні аманында мылтық ұстап дала кезген кімдер деп бойларын үрей биленген.

«Ана жаққа шығып бара жатсам, қоршап алған милициялар. Өтпеңіз деді. Сосын кетіп қалдым. Ештеңе айтпады. Анау жақтан адамдардан сұрасам, перестрелка болған сияқты деді» – дейді куәгер.

«Екі баланы атып кеткен деп естідік. Жәйдан жәй түсте атпайды ғой адамды. Бөліспеген бірдеңесі болып тұр ғой» – дейді куәгер.
Қанға малынған жерде оқ тиген екі азаматтың достары да кешелі бері жүргендерін айтады.

Сөйтсе, жүргізуші мен экспидитор бар тауарын таратуға дүкен аралап шыққан. Тамақтанып отырған оларға белгісіз біреу келіп мылтық тақапты. Бірі қолмен тоқтатпақ болды ма, әйтеуір бытыра алақынын тесіп өткен. Екіншісінің қолтық тұсынан тиген. Бірақ, бір тәуліктен асса да, әлі күдікті табылмапты.

«Кеше болғаннан бастап осы жердеміз міне. Әлі таба алмады. Бір суткадан асып кетті. Мына районға қашса, бұл районнан табылу керек қой. Әлі табылмады» – дейді зардап шегушінің досы Думан Әлиасқар.

Зардап шеккендердің бірі 25 жаста. Екіншісі 19-да ғана. Ата-аналары да ести сала сонау Нарынқолдан түн жарымда жеткен. Қалалық №4 клиникалық аурухананың есігін торуылдап жүр. Өйткені, қолтық тұсынан оқ тиген азамат әлі де реанимациядан шықпапты. Қан көп жоғалтқандықтан, тіпті қан да құйған. Дәрігерлер әзірге екі науқастың жағдайын бір қалыпты деді.

«Кеше түстен кейін шолақ мылтықпен оқ жарақатын алған екі адам түсті. Бірінің сол қолына тиген. Екіншісі, оң жақ кеуде қуысына оқ тиген. Дәл сол науқасқа қан құйдық, ота ұзақ жасалды» – дейді №4 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Смағұлов.

Ал, полиция департаменті қаланың қақ ортасында оқ атылып, екі адам жарақаттанғанын растағанымен, ресми ақпарат бермей отыр. Прокуратураға хат жолдап, істің мән-жәйін тек ертең хабарламақ.

Источник: Stan.kz