Алматыда 30 мамырда діни ғимараттар ашылады

0

Құлшылық кезінде діни қызметшілер медициналық маска мен қолғап киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндетті

АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Алматыда 30 мамырдан бастап діни ғимараттар ашылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 28 мамырындағы қаулысына сәйкес, діни ғимараттар санитарлық-дезинфекциялау режимінің талаптарын қатаң сақтаған жағдайда жұмысын бастай алады.

«Карантин уақытында діни нысандардың жұмысына қойылатын басты талап – ұжымдық іс-шаралардың өткізілуіне шектеу қою. Жұма намазы, сенбі және жексенбіде өткізілетін ғибадат, топталып діни өлең айту секілді ұжымдық сипатқа ие құлшылықтарды өткізуге рұқсат етілмейді», — делінген ақпаратта.

Бұл шектеулер коронавирус инфекциясының әрі қарай таралып кетпеуі үшін қажет.

Сонымен қатар құлшылық кезінде діни қызметшілер медициналық маска мен қолғап киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндетті. Маска тақпаған және температураның көтерілуі, жөтел, тамақтың ауруы, тыныс алудың қиындауы секілді ауру белгілері бар адамдар діни ғимаратқа кіргізілмейді.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында сауда орталықтары ашылып жатыр – келушілер нені білуі керек 

Діни шараларға қатысуға рұқсат етілген адамдарға ғимарат ішінде 15-20 минуттан артық бөгелуге болмайды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда науқастардың саны 9 932 адамға жетті, 4 900 адам жазылып шықты, 37 адам қайтыс болды.

Алматыда 2 462 адамнан коронавирус инфекциясы табылды, 1 375 адам жазылды, 10 адам қайтыс болды.



sputniknews.kz