Алматыда 19 жастағы бойжеткенді қызғаншақ жігіті өлтіріп тастаған

0

Алматыда жоғалып кеткен 19 жастағы Валерия Погребняк есімді қызды өзінің досы қызғаныштан өлтіріп тастады деп хабарлайды қалалық полиция департаментіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Оперативті тергеу тобы іздестіру ісі аясында қыздың тұрған жерін анықтау үшін жедел іс-шаралар ұйымдастырған.

Сонымен қатар, Валерия Погребняк жоғалғанға дейін бірге болған оның 2000 жылғы Б. есімді досының жауабы тексерілген. Оның жауаптары жедел шаралардың дерегімен сәйкес келіпті.

Жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша, Б. есімді азаматтың жоғалған қызға қатысы бар болып шықты. Тергеу барысында ол бойжеткенді өлтіргенін мойындап, денесін тығып қойған орынды көрсеткен.

Анықталғандай, Б. өзінің кездесіп жүрген қызын тұрғылықты мекендеген ауыл маңында өлтірген. Болжам бойынша, бұл қылмыс қызғаныш салдарынан орын алуы мүмкін.

Б. берген жауаптар бойынша, олар ауылдан шыққан мезетте ұрыса бастаған. Нәтижесінде, жігіт Валерияны өлтіруді ұйғарыпты. Қылмысын жасыру үшін ол арудың денесін көміп тастаған екен.

Артынша Б. Валерияның ата-анасына бойжеткенді қалаға апарып тастағанын, ол үндемей кетіп қалғанын айтқан.

Қазір Әуезов аудандық полиция басқармасында іздестіру ісі қайта сараланып, кісі өлтіру бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Қамауға алынған Б. есімді азаматтың ісі Алматы облыстық Полиция департаменті Қарасай аудандық полиция басқармасына беріледі.

Айта кетейік, 1999 жылы туған Погребняк Валерияның жоғалғаны туралы ақпарат полицияға 25 қаңтар күні келіп түскен.

Дереккөз: kaz.nur.kz