Алматы жұртшылығы жалпыхалықтық диктант жазуға қатысты

0

Қазақ-Британ техникалық университетінде өткен диктант жазуға Алматының 8 ауданынан әкімшілік қызметкерлер, жоғарғы оқу орындарының, колледждердің оқытушылары мен студенттері, мектеп мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары және медицина саласының қызметкерлері, т.б. қатысты.

Латын негізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің  негізгі ережелері» жобасын іс-әжірибеде жан-жақты қамтумен қатар жаңа ережеге бейімделуді мақсат ететін диктант жазу шарасы тілді жылдам меңгеруге үндейді.

Диктант жазушыларға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаев сәт-сапар тілеп, еліміздің тіл саясатының маңыздылығына тоқталып, барша қауымды тілімізді дамытуға шақырды.

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, Алматы қаласы бойынша  жалпыхалықтық диктантқа 120 мың адам қатысады деп жоспарланған. Диктант нәтижесінде кімнің қаншалықты сауатты жазғандығын анықтау басты шарт емес. Сауаттылықты тексеру арнайы белгіленген өлшем-шарттар негізінде анықталады.

Яғни, әрбір қатысушы осы кестеге орай өзі жазған мәтінді өзі тексереді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тілі білімі институты ғалымдарымен әзірленген «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасының әлі де талқылынатындығын жеткізген Бақыт Қалымбет  бүгінгі шараның мақсаты осы жобаның қаншалықты жүзеге асып жатқандығына зер салу. Егер қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге қатысты сын-ескертпелер болып жатса, оның барлығы да ғалымдар талқысына түседі. Емле ережесімен http://tilalemi.kz сайтынан танысуға болады.

Диктант жазушылар үшін аудио мәтінде берілген  «Жаңа әліпби – жаңарудың қайнары. Әліпби арқылы ұлттық сана күшейеді. Әлемде болып жатқан жаңалықтар осы жазу арқылы қабылданады. Сондай-ақ, бұл әліпби  қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға мүмкіндік береді» деп басталатын  «Рухани жаңғыру» тақырыбында 77 сөз қамтылған.

Диктант жазу тәртібіне сәйкес мәтін үш мәрте қайталанып оқылып, әрбір дыбысталуға ерекше мән берілді. Қатысушылар үшін мәтінді мұқият тыңдап, жазып әрі тексеруге арнайы уақыт бөлінді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ